Бишімбаев ата-ана құқығынан айырыла ма?

Сағыныш Сардарова 12 қар. 2024 15:39 2009

Қуандық Бишімбаев ата-ана құқығынан айырыла ма? Астана сотының апелляциялық сатысы шешім шығарды,- деп хабарлайды Dalanews.kz.

Апелляциялық саты бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевтың бұрынғы әйелі Назым Қаһарманның арызын қарады.

Бишімбаевтың адвокаты Ерлан Ғазымжановтың сөзінше, сот отырысына Бишімбаев онлайн режимде қатысқан. 

"Мекемеде сот отырысына қатысатын арнайы бөлме бар, ол осы бөлмеге барып, ұялы телефон арқылы қосылды", - деді Ғазымжанов.

Апелляциялық сот алқасы бірінші сатыдағы соттың шешімін өзгеріссіз қалдырды.

Яғни Қуандық Бишімбаев ата-ана құқығынан айырылмайды.

Назым Қаһарман мен Қуандық Бишімбаев 14 жыл отасқан, ресми некеде болған. Олардың 3 баласы бар. Ерлі-зайыпты 2020 жылы, экс-министр бұрынғы қылмыстық ісі бойынша колониядан босағаннан кейін бір жыл өткен соң ажырасқан.

Айта кетейік, биыл 26 маусымда Қуандық Бишімбаев пен Бақытжан Байжановқа қатысты қылмыстық істің апелляциялық сот отырысы болған еді. Алайда олардың апелляциялық өтініші қанағаттандырылмады.

Қуандық Бишімбаев 24 жылға, інісі Бақытжан Байжанов 4 жылға сотталған болатын.

Әйелін өлтіргені үшін 24 жылға қамауға алынған Қуандық Бишімбаев ең жоғары қауіпсіздік мекемесінде жазасын өтеп жатыр.

Бұған дейін ҚАЖК өкілдері колонияда экс-министр үшін қолайлы орын әлі бос емес екенін, сондықтан жұмысқа тұрмағанын мәлімдеді.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар