Біздің билік орыстан, шешеннен, ұйғырдан, тәжіктен қорқады, тек қазақтан ғана қорықпайды. Қазақтың арқасында министр, президент болып отырғанын ойламайды да. Екіншіден, неге әу бастан Қазақстанда оппозиция әлсіз болды?
Өйткені мемлекет қазақтікі болғанымен, қазақтар 40-ақ пайыз болды, ал орыстілді басылымдар қазақты күн сайын жерге тығып жатты, тіпті мемлекеттен қаржы алып отырған «Казахстанская правда» қазақты жамандай бастады.
Осы кезде қазақтар, біз де билікті жамандай бастасақ, мемлекеттің іргесі шайқалар еді.
Бірақ, оны билік ұққан жоқ, қазақтың қорқақтығы, ездігі, нашарлығы деп ойлады. Содан артынан оппозиция шықты, бірақ олар ұлттық мүддені емес, өздерінің жем жейтін астауын ойлады. Сөйтіп жүргенде уақыт өтіп кетті.
Алдыңғы үлкен кіслеріміздің біразы о дүниеге кетіп қалды, кейінгі қалған біздер шаршадық, ал жастарда қауқар жоқ, сөйтіп билік қазақты басынып, ойына келгенін істеп отыр. Бірақ мұның ақыры жақсы болмайды.
Соңғы кезде «қазақтарды қалаға келтірмеу» деген саясат басталды.
Оның бірінші басқышы: «қазақтар барған жеріне тіркелуі керек» дейді. Сөйтіп ауылдан қалаға жұмыс іздеп келген қаншама қазақты қуды, тоталитарлық мемлекеттегі сияқты еркін жүріп-тұруына тиым салды. Неге?
Өйткені,
қаланың халқы қазақтанып барады.
Егер кешегі Желтоқсандағы сияқты бүлік болатын болса, қаладағы қазақтың балалары көтеріледі, мақсат – соларды келтірмеу. Бұл – қазаққа қарсы саясат, ауылда жұмыс жоқ, сонда қазақ күнін қалай көреді? Билік о бастан қазақтың көбеюіне қарсы болды, қазақ тілінің аясын шектеді. Мемлекеттік қызметкерлерге талап қоймағанның өзінде «Болашақ» бағдарламасымен шетелде оқитындарға қазақ тілін білуді міндеттеу керек еді, олар бұған «жақсы балалардан айырылып қаламыз» деп сылтау айтты.
Ана тілін білмеген бала – жақсы бала емес. Егер сондай талап қойсақ, бәрі бір-ақ жылда үйреніп алатын еді. Осыны өз балалары қазақша білмейтін биліктегілер созып келеді...
Жазда Астанада үндінің жұмысшыларымен төбелес болды, оған да қазақтың жастарын жазықты етіп шығарғысы келіп еді, жұрт көтерілген соң іске аспады...
Мұхтар МАҒАУИН,
Дереккөз: "Аңыз адам" журналы