"Ескі Қазақстан" дәуірінде биліктің биік сатысында жүрген шенеуніктердің балалары қазір "жаңа Қазақстанның" саяси сахнасында көзге түсіп жүр. Ықпалды ортада өскен бұл буын ата жолын қуып, бүгінде ел басқару ісінде белсенділік танытуда.
Бұған дейін біз беделді әулеттердің бірқатарына тоқталғанбыз. Бұл жолы Dalanews.kz назарларыңызға биліктен қол үзбеген тағы бірнеше әкелі-балалы шенеуніктерді ұсынады.
Елеусізовтер әулеті

Тимур Елеусізов 2023 жылдың 30 наурызынан бастап Алматы қаласы мәслихатының депутаты қызметін атқарып келеді. Сонымен қатар 39 жастағы шенеунік Алматы қаласы Алатау ауданы әкімінің экология мәселелері жөніндегі кеңесшісі.
Оның әкесі Мэлс Елеусізов есімі “Ескі Қазақстан” кезеңінде-ақ елге кеңінен танылған саясаткер әрі эколог. 2005 және 2011 жылдары Қазақстан Республикасы Президенті сайлауына кандидат болған. Бүгінде ол "Табиғат" экологиялық одағының жетекшісі қызметін атқарады.
Мәдиевтер әулеті

Қазақстандағы жаңа буын шенеуніктердің арасынан Жаслан Мәдиевтің есімі жиі аталады. 42 жастағы шенеунік бүгінде Премьер-министрдің орынбасары әрі Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі қызметтерін атқарады.
Цифрландыру саласы Жаслан Мәдиев үшін жаңа бағыт емес. Ол бұған дейін де Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінде (МЦРИАП) түрлі лауазымда жұмыс істеген.
Мәдиевтің кәсіби жолы негізінен қаржы саласымен байланысты. Ол “Самұрық-Қазына” қорында, Даму банкінде және Ұлттық банкте қызмет атқарған, сондай-ақ Ұлттық экономика вице-министрі болған.
Әулеттің өзге мүшелері де мемлекеттік қызметте төбе көрсеткен. Әкесі Хасен Мәдиев кезінде “Қазақтелеком” ұлттық компаниясында қаржы саласына жауапты қызметте болған (2008 жылға дейін). Інісі Олжас Мәдиев 2020 жылы Алматы қаласы Медеу ауданы әкімдігі аппаратының қызметкері ретінде тіркелген.
Жаслан Мәдиевтің жұбайы - Мәжіліс депутаты Дүйсенбай Тұрғановтың қызы Майра Тұрғанова.
Нұрпейісовтер әулеті

Қазақстанның жоғары билік құрылымында жаңа есімдердің қатарын Асат Нұрпейісов толықтырады. Ол 2024 жылдың 7 ақпанында Президент Іс басқарушысы қызметіне тағайындалды. Бұл лауазым елдің басқару жүйесінде айрықша мәнге ие, себебі Президент әкімшілігінің материалдық-техникалық және ұйымдастырушылық жұмыстарын үйлестіреді.
Асат Нұрпейісов бұған дейін, 2023 жылдың қаңтарынан бастап, Президент Іс басқарушының орынбасары қызметін атқарған.
Айта кетсек, оның әкесі — Болат Нұрпейісов те дәл осы құрылымда ұзақ жылдар бойы еңбек еткен тұлға. Ол 1996 жылдан 2006 жылға дейін Президент Іс басқарушысының орынбасары қызметін атқарған. Кейін жеке секторға ауысқанымен, мемлекеттік басқару саласынан қол үзбеді.
Нығматуллиндер әулеті

Нығматуллиндер әулеті саяси мінберде ұзақ жылдар бойы белсенді рөл атқарып келді.
Мәселен, Малика Нығматуллина 2021 жылдың желтоқсанынан бері “Green Mine” компаниясының басқарма төрайымы қызметін атқарады. Компания тау-кен өндірісінің техногендік минералдық қалдықтарын қайта өңдеу саласына маманданған.
Малика Ерланқызы еңбек жолын 2002 жылы Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінде жетекші маман ретінде бастаған. Кейін Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігінде, Индустрия және сауда министрлігінде, сондай-ақ Көлік және коммуникациялар министрлігінде түрлі жетекші қызметтер атқарды.
2006 жылы Астана қаласы Кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы болып тағайындалды. Ал 2016 жылы Астана қаласы әкімінің орынбасары қызметіне көтерілді.
Оның әкесі – Ерлан Зайроллаұлы Нығматуллин, танымал саясаткер және экономист. Ол Мәжіліс пен Сенат депутаты болып қызмет атқарған, экономика ғылымдарының кандидаты (1999). Қазіргі уақытта “YDD Corporation”, “AsiaFerroAlloys”, “Kaz Silicon”, “EkibastuzFerroAlloys” және “Қаражыра” АҚ сияқты ірі өнеркәсіптік және металлургиялық кәсіпорындардың акционері.
Шабдарбаевтар әулеті

Арлан Шабдарбаев 2016 жылдан бері Павлодар мұнай-химия зауытының (ПНХЗ) маркетинг жөніндегі бас директордың орынбасары қызметін атқарады. Бұған дейін ол “Рахат-Транссервис”, “Арна”, “Халық банкі” сияқты ірі коммерциялық және қаржы ұйымдарында еңбек еткен. Сонымен қатар “ҚазТрансОйл”, “ҚазМұнайГаз” және “ПетроҚазақстан Ойл Продактс” компанияларында басшылық қызметтер атқарған.
Арланның әкесі – Амангелді Шабдарбаев, Қазақстанның арнайы қызмет саласындағы белгілі тұлға. Ол экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың жерлесі. 1974 жылы Қазақ мемлекеттік дене шынықтыру институтын тәмамдағаннан кейін КГБ жүйесіне қабылданған. Сол жерде ол Дінмұхамед Қонаевтың жеке күзетшісі қызметін атқарған.
Тәуелсіздік алған соң Шабдарбаев қайтадан қауіпсіздік құрылымына оралып, түрлі жетекші лауазымдарда болған. 2002 жылы Президент күзет қызметінің бастығы болып тағайындалды, ал 2006 жылы Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы қызметіне көтерілді. Кейін Республикалық гвардияны басқарды.
Кәрбозовтар әулеті

Қуат Кәрбозов – “Қазақстан астық консорциумы” ЖШС бас директорының орынбасары. Ол Қазақ гуманитарлық-заң университетін және Лондон бизнес мектебін (LSBF) тәмамдаған. Бұған дейін Қуат Кәрбозов Қазақстанның Ұлыбританиядағы елшілігінде қызмет атқарып, кейін “ҚазМұнайГаз” жүйесінде түрлі жетекші лауазымдарда жұмыс істеген. Атап айтқанда, “ҚазМұнайГаз” Сауда үйінің өкілдігінде директордың орынбасары, “KazMunaiGaz International” (“Rompetrol”) даму департаментінің директоры, сондай-ақ “KPI Inc” компаниясында жоспарлау және мониторинг департаментінің директоры болған.
Оның әкесі — генерал-майор Қозы-Көрпеш Кәрбозов, ұлттық қауіпсіздік органдарының ардагері, ҚР Қорғаныс министрлігіне қарасты Әскери-стратегиялық зерттеулер орталығының президенті.
Айта кетсек, 2011 жылы Қозы-Көрпеш Кәрбозов ҚР Кедендік бақылау комитетінің төрағасы қызметінен өз ведомствосындағы бірқатар қызметкердің тұтқындалуынан кейін отставкаға кеткен болатын.
Зейнуллиндер әулеті

Зейнуллин Талғат 2013 жылдың 25 шілдесінен бері “Астана” ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативінің басқарма төрағасы қызметін атқарады. Ол елдегі агроөнеркәсіп саласында танылған тұлға, отбасымен бірге осы бағытта бірнеше жобаларды дамытып келеді.
Талғат Зейнуллиннің екі ұлы да мемлекеттік қызметте еңбек етеді.
Үлкен ұлы Аян Талғатұлы Зейнуллин — ҚР Парламенті Мәжілісінің VIII шақырылым депутаты, Экология және табиғатты пайдалану мәселелері комитетінің мүшесі.
Кіші ұлы Айвар Зейнуллин, ҚР Қаржы министрлігінің Қазынашылық комитеті төрағасының орынбасары, Президенттік жастар кадр резервінің мүшесі. Ол Ұлыбританиядағы Букингем университетін, кейін Қазақстан экономика және халықаралық сауда университетін және Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясын тәмамдаған. Бұған дейін Сарыарқа ауданы әкімінің орынбасары қызметін атқарған.
Әулетке тиесілі AiZet Farms компаниясы 2014 жылдан бері ауыл шаруашылығымен айналысып келеді. Негізгі бағыты астық өндіру және ірі қара мал өсіру. Дегенмен компанияның аты кейінгі жылдары қаржылық дау-дамайлармен жиі аталып жүр. Kompra.kz пен Orda.kz таратқан мәліметтерге сүйенсек, AiZet Farms-тың салықтық берешегі 166 млн теңгеден асқан, ал сот орындаушыларына тіркелген қарыз сомасы 18,8 млрд теңге шамасында. Компанияның атына 63 сот шешімі тіркелгені де көрсетілген.
Бұл мәліметтерге қарағанда, Зейнуллиндер әулетінің агробизнесі қазір айтарлықтай қаржылық қиындыққа тап болған. Соған қарамастан, компания қызметін жалғастырып отыр.
Отыншиевтер әулеті

Мейіржан Отыншиев 2023 жылғы 30 наурыздан бастап Алматы қалалық мәслихатының төрағасы қызметінде. Ол еңбек жолын 2010 жылы Алматы қалалық Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасында бастаған. Кейін осы басқармада бөлім басшысы, орынбасар, басшы қызметтерін атқарып, әлеуметтік саясат саласында тәжірибе жинақтады.
Сондай-ақ Тұрғын үй саясаты басқармасы басшысының орынбасары, кейін “AMANAT” партиясының Алматы қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары және атқарушы хатшысы болды. 2023 жылы партия филиалының төрағасы, әрі Алматы қалалық мәслихатының төрағасы болып сайланды.
Оның әкесі Бауыржан Отыншиев мемлекеттік қызметте ұзақ жыл еңбек етіп, Шымкент және батыс өңірлерде қызмет атқарды. Ол еңбек жолын полиция саласынан бастап, кейін қаржы полициясы қызметімен жалғастырды.
Сартовтар әулеті

Қазақстанның жаңа буын шенеуніктерінің қатарында Қостанай облысы Алтынсарин ауданының әкімі Арнұр Сартов та бар. Ол Президенттік жастар кадр резервінің мүшесі.
Жас шенеунік Көкшетау экономика және менеджмент институтын, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясын тәмамдаған. Кейін “Болашақ” бағдарламасы аясында АҚШ-тағы Syracuse University университетінде білім алып, халықаралық деңгейде тәжірибе жинақтады.
Ал әкесі Марат Сартов Қостанай аудандық мәслихаттың төрағасы қызметін атқарады.
Досмұхамедовтер әулеті

Болат Досмұхамбетов 2025 жылдан бастап “Ural Oil and Gas” ЖШС-нің бас директоры қызметіне тағайындалды. Ол мұнай-газ саласындағы кәсіби жолын халықаралық Weatherfordкомпаниясынан бастап, кейін «Маңғыстаумұнайгаз», «Қазақ мұнай және газ институты», КМГ Kashagan B.V., Total (Франция) және «Исатай Operating Company» сияқты ірі компанияларда басшылық қызметтер атқарған тәжірибелі менеджер.
Ал әкесі Махамбет Досмұхамбетов 2019–2022 жылдары Атырау облысының әкімі болған белгілі мемлекет және қоғам қайраткері. Ол ұзақ жылдар бойы мұнай-газ саласында еңбек етіп, министрлік пен ұлттық компаниялар құрылымында жауапты лауазымдар атқарған.
