Билік Талғат Аян мен Макс Боқаевты саяси процестің құрбаны қылмауы керек

Dalanews 28 шіл. 2016 09:59 780

Саясаттанушы, Жер реформасы жөніндегі комиссия мүшесі Айдос Сарым комиссияның жұмыс нәтижесіне және жалпы алғандағы жер дауының немен аяқталарына қатысты өз көзқарасын білдірді. Бұл туралы kaz.365info.kz жазады. 



– Өткенде Елбасы Мәсімовтен Жер комиссиясының жұмыс нәтижесін сұрады. Атқарылған жұмыс бойынша нәтиже бар деп айтуға бола ма? Әлде әлі де болса талқылаулардан аспай отырмыз ба?

8b4e47a1c35ba3145e855cc9ee2861bb_XL
Айдос Сарым
– Нәтиже бар. Мұның екі түрін айтқым келеді. Біріншісі, осы уақытқа дейін аралас-құралас болмаған, тіпті, кей жерлерде көзқарастары қайшы келіп жатқан азаматтар бір жерге жиналып, ой-пікір білдіруге мүмкіндік алды.

Осы уақытқа дейін комиссиясының 8 отырысы өтіпті. 8 отырыстың әрқайсысы төрт-бес сағаттан кем өткен жоқ. Әрине, көптеген мәселелер көтерілді. Эмоцияға берілген кезіміз де аз емес. Бұғантаңқалуға болмас. Анығында, пікірталас дегеніміз осы.

Ең бастысы,
әу баста биліктің ұстанымын жақтап шыққан комиссия құрамындағы азаматтардың көпшілігі қазіргі күні пікірін өзгерткен.

Бүгінде олар ұлттық тұрғыдағы ойларын айтып жатыр. Комиссияның соңғы отырысындағы Сабильяновтың сөзі соған дәлел.

«Комиссия отырысының аясында өзімнің округімнің 27 ауылының азаматтарымен кездестім. Менің жерге қатысты ұстанымым осы азаматтардың пікірімен үндес» деді ол.

Былайша айтқанда, комиссия құрамындағы азаматтардың көпшілігі өзінің ой жүйесін, саяси ұстанымдарын белгілі бір эволюцияға түсіріп жатыр. Бұл жаман емес. Халықтың пікірімен санасқандықтың белгісі.

– Ал екіншісі ше?

– Екінші мәселе, жердің жайын бізден жақсы білетін кәсіпкерлер:

«жерді 49 жылға жалға беру» туралы ескі заңды қалдыра берген дұрыс еді. Билік болса, Жер кодексіне мораторий жариялап тастады. Бұл мал шаруашылығымен айналысып жүрген біздерге кәдімгідей қиындық туғызып отыр» дейді.

Міне, осы мәселені ертерек шешуді қолға алу қажет.

Жалпы комиссияның отырыстары қазірден-ақ нәтиже беріп жатыр деп айта аламын. Бұлардың ішінде «Жайылым туралы», «Жердің құнарлылығын арттыру» туралы құжаттар дайындадық.

– Бұдан бұрын Жер комиссиясының жұмысындағы кейбір кемшіліктерді сынға алған едіңіз…

Бұл әрі сын, әрі ұсыныс болатын. Мүмкіндігінше, комиссиядағы төрт жұмыс тобының орнына, бір жұмыс тобын құрып Жер кодексі туралы заңның жаңа нормаларын қағазға түсіру жұмысына кірісу керек дегенмін.

Сосын біз барлық өңірді аралап шығуға тиіспіз. Ол жақтағы халықтың ой-пікірін тыңдауға міндеттіміз. Осыны тездету керек.


– Жер комиссиясы шығаратын шешімнің заңдық күші бола ма осы?


– Бірден айтайын комиссия заң қабылдай алмайды. Оның мұндай күші, яғни, құзыреті жоқ. Бірақ, Президенттің тапсырмасымен құрылғаннан кейін, комиссияның заң жобасын әзірлейтін өкілеті бар. Былайша айтқанда, жер дауына қатысты нақты-нақты ұсыныстарды Парламентке ұстатамыз.

– Бұл белгілі болды. Бірақ, комиссиясының ұсыныстар билік ескереді, қабылдайды деген сенім бар ма?


– Комиссия жұмысының қорытындысындағы ең негізгі мәселе осы: біз әзірлеген ұсынысты Үкімет пен Парламенттің қабылдауы немесе қабылдамауында жатыр.

– Билікке сенбейтін азаматтар көп. Олар: «Жер комиссиясының шешімі түкке жарамайды. Мұның бәрі әншейін қуыршақ спектаклі», — дейді олар. Бұған не дейсіз?


– Мұндай пікірлерді әлеуметтік желілерден күнді оқып жүрміз ғой. Көңілге қонымды ой-пікірлердің көпшілігін комисия мүшелеріне жеткізуге тырысамыз. Бірақ, әлгіндей азаматтардың пікірі дұрыс екен деп, барлық жерге тықпалауға болмайды. Себебі, бүгін-ертең жер мәселесін шешіп тастасақ та, табиғатында ешкім де, ештеңені де ұнатпайтын азаматтар бар. Олар сынау үшін сынайды. Қазіргі Үкіметтің тіршілігін көріп, түңілетін оларды да түсінуге болады, бір жағынан.


Дегенмен Үкіметте отырған азаматтардың барлығын қазақтың жауы деп айтуға болмайды. Билік халықтың пікірін тыңдап, бір шешімге келуге ниет танытып отыр. Айталық,
«жер шетелдіктерге сатылмасын, жалға берілмесін» деген мәселеде билік бұқараның сөзіне құлақ асқан сияқты.

Өз басым солай ойлаймын.

– «Жер сатылмасын, шетелдіктерге жалға берілмесін» деп алаңға шыққан Макс Боқаев пен Талғат Аян түрмеде отыр. Бұлардың әрі қарайғы тағдыры не болады?

– Бұл мәселені Жер комиссиясының әр отырысында айтудайын айтып жатырмыз. Бұларды сотқа дейінгі уақытта үйлеріне жіберуі қажет деген мәселе көтердік.Талғат пен Макс туралы айтқанда, бұларға ұқсас қылмыстық істер Алматыда, Қызылордада және басқа да аймақтарда қозғалған. Ол жақтағы қудаланған, түрмеге қамалған азаматтарға да дәл осыларға ұқсас айып тағылған болатын.

Жалпы билік ойлануы керек. Бұл жерде ешкімнің басы жарылып, көзі шыққан жоқ. Біреудің мүлкі бүлінді ме? Жоқ. Қаланың тас-талқаны шықты ма? Бұл таза саяси акция болды. Әрі мәдениетті түрде өтті. Халық жиналды. Пікірін айтты. Тарап кетті.
Билік осының бәрін ескеріп Талғат Аян мен Макс Боқаевты саяси процестің құрбаны қылмай, дұрыс шешім қабылдауы керек.

Олар қылмыс жасаған жоқ.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар