“Билік бұл істі мүмкіндігінше жылдам жабуға тырысып жатыр”. Сәтпаев Талғардағы трагедияға пікір білдірді

Қаракөз Амантай 12 жел. 2024 15:02 891

Белгілі саясаттанушы Досым Сәтпаев Талғардағы трагедияға үн қосты, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Оның айтуынша, бұл оқиға ел билігінің шынайы бет-бейнесін анық көрсетті.

“Талғардағы қайғылы оқиға – Қазақстанның шындығын бейнелейтін көрініс. Мұнда әділдікке жету үшін ақиқаттың емес, күш пен құқықтың үстемдік ететінін көреміз. Тәртіпсіздік жайлаған қоғамда адамдар билік өкілдері тарапынан әділетсіздік көріп, олардан үмітін үзді. Ал жемқорлық болса, мемлекеттік басқару жүйесінің барлық деңгейіне еніп, жүйенің ажырамас бөлігіне айналды. Қылмыстық сана шенеуніктерді “паханға”, ал “пахандарды” шенеуніктердің серігіне айналдырып отыр”, — деп жазды ол.

Саясаттанушы мұндай оқиғалар тізбегі жылдар бойы жалғасып келе жатқанын алға тартты.

“Соңғы 30 жылда Талғардағыдай трагедиялар Қазақстанның әртүрлі өңірінде сан мәрте болған. Бірақ олардың көпшілігі қоғамға жария болған жоқ. Бір жерде жәбірленушілерге қысым көрсетілсе, басқа жерде билік өкілдері статистиканы бұзбау үшін жағдайды барынша жасыруға тырысты”, — деп қосты ол.

Оның сөзінше, Талғардағы трагедия — әлем назарында. Сол себепті билік бұл істі мүмкіндігінше жылдам жабуға тырысып бағуда.

“Биліктің жәбірленушілерге, марқұм жігіттің әкесіне және оның туыстарына көрсеткен қатал қарым-қатынасы істің жария болғанына шенеуніктердің наразы екенін көрсетеді. Себебі бұл оқиғаға бүкіл ел көз тігіп отыр. Ал көптеген деректі жасыру мүмкін емес. Олардың тиімсіз жұмысы да барша халыққа көрініп тұр.

Сонымен қатар тергеу ісімен айналысатындарға жоғары жақтан қысым жасалып жатқаны анық. Бірақ бұл әділдікке жету үшін емес, істі тезірек жауып, ұмыттыру үшін жасалып жатыр. Себебі Талғар трагедиясы биліктің беделіне ауыр соққы болып тиді”, — деді ол.

Айта кетейік, бұған дейін саясаттанушы Шалқар Нұрсейіт те Талғардағы трагедияға қатысты сөз қозғаған еді. 

Ол Қаржаубай Нұрымовтың отбасында болған қайғылы оқиғалар тізбегі авторитар биліктің бойында “пост-Қаңтар синдромының” күшейе түскенін көрсетеді деп баға берді.

“Ақорда мен күштік құрылымдар “халық көтеріліп кетпесе болды” деген үреймен азаматтарды, тіпті әділет іздеп шырылдаған Қаржаубай Нұрымов секілді жәбірленушілерді де алдап-арбауға, үркітуге, айыппұл салуға, қамауға дайын екенін анық көрсетті”, — дейді ол.

Оның сөзінше, Әділетті Қазақстан халық өз мемлекетіне сенген жағдайда ғана орнайды. 

“Талғардағы трагедияны “Ескі Қазақстанның Тоқаевқа жасаған саботажы” дейтін конспирологтар шықса, еш таңғалмаймын. Шын мәнінде, қазір Қазақстанда билікті дәл өзі сияқты дискредитациялайтын саяси күш жоқ.

Әділетті Қазақстан, Тоқаевша айтсақ, “заң диктатурасымен” орнамайды. Әділетті Қазақстан азаматтар өз мемлекеті қорғансызға қорған болғанда, құқық қорғау органдарыһ істі ашық әрі жан-жақты қарағанда, соттың әділ шешім шығаратынына шын сенген жағдайда ғана орнайды. Ел байлығының жартысынан астамы бар болғаны 165 адамның қолында шоғырланған, халқы айлығының 70%-ын тамаққа жұмсайтын, әрбір бесінші азаматы шетелге көшуді ойлайтын Қазақстанда ол сәттің жақында тумайтыны анық. 

Ал ол күн туғанша Астанада ықпалды көкесі, оффшорда миллиондаған доллары, күштік органдарда “крышасы” жоқ “әлсіз” отбасыда туылған әрбір қазақстандық қатыгез, қорқақ әрі селқос қоғамда о бастан аутсайдер болып қала береді”, — деп қосты ол.

Еске салайық, бұған дейін Талғарда жаппай төбелес болып, салдарынан 16 жастағы жасөспірім Шерзат Болат көз жұмды.

Кәмелетке толмаған баланы өлтіру фактісі бойынша Алматы облысының полиция департаменті қылмыстық іс қозғады.

Қазіргі таңда кінәлі деп танылған 11 адам ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды.

Көп ұзамай, яғни 9 желтоқсанда марқұм Шерзат Болаттың ағасы Нұрқанат Ғайыпбаев ажал құшты. Полиция департаментінің алдын ала деректері бойынша, ол суицид жасаған. Оған дәлел ретінде полицейлер Нұрқанаттың туысына мессенджер арқылы жазған хатын жария етті. 

Хабарламада ол туысқандарымен қоштасып, жиенінің жанына жерлеуді сұраған. Бұл факті бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Ал 10 желтоқсанда оның өліміне қатысты сараптама қорытындысы шықты.

"Сот-медициналық сараптаманың алдын ала болжамы бойынша, 9 желтоқсанда Талғардың шетінде табылған 30 жастағы ер адамның мәйіті өзін-өзі асу арқылы механикалық асфиксия нәтижесінде болғанын көрсетті. Денесінде зорлық-зомбылық сипаттағы белгілер жоқ.

Сарапшылармен анықталған дене жарақаттары, мысалы, странгуляциялық және мойынның абразиялары асылған жіпті қолданған кезінде пайда болатын жарақаттарға сәйкес келетінін көрсетті. Барлық белгілер суицидті көрсетеді, мойынындағы зақымдану сипаты мұндай жағдайларға тән", - делінген хабарламада.

Ал марқұм Шерзаттың әкесі бауыры Нұрқанат Ғайыпбаевты жер қойнына тапсырғанан кейін, бұқаралық ақпарат құралдарымен кездесуді талап етіп, көшеге шықты. Алайда араға ұзақ уақыт салмай Қаржаубай Нұрымовты полиция қызметкерлері ұстап әкетті.

"Қаржаубай Нұрымов прокурордың заңды сақтау туралы түсіндірмелерін елемеді. Шектен тыс агрессивті мінез-құлық танытып, басқаларды өз-өзіне қол жұмсаймын деп қорқытты. Сонымен қатар полиция қызметкеріне пышақпен шабуыл жасады. Оның мінез-құлқы өзіне де, басқаларға да қауіп төндірді", — делінген хабарламада.

Осылайша Шерзат Болаттың әкесі мен әпкесі қамауға алынды.

Еңбекшіқазақ аудандық соты әкімшілік іс жүргізу тәртібімен істерді қарау нәтижелері бойынша азамат С. Нұрымова ұсақ бұзақылық жасағаны үшін (ӘҚБтК 434-бабының 1-бөлігі) 20 АЕК мөлшерінде айыппұл салумен әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

ҚР бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы заңнамасын бұзғаны үшін (ӘҚБтК 488- бабының 8-бөлімі.) азаматтығы жоқ адам жасаған, азаматша Б. Реймова әкімшілік тәртіппен 15 тәулікке қамауға алынып, кейіннен ҚР шегінен шығарып жіберілді.

Қоғамдық орында балағат сөздер айтқаны, құқық қорғау органдарының қызметкерлерін қорлап, сондай-ақ қоғамдық тәртіп пен азаматтардың тыныштығын бұзатын айналасындағыларға құрметсіздік танытатын іс-әрекеттер жасағаны және көлік құралдарының қозғалысы үшін кедергілер жасағаны үшін Қаржаубай Нұрымов 15 тәулікке әкімшілік қамауға алынды.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар