Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Премьер-министр Олжас Бектеновті қабылдады. Кездесуде экономикалық реформаларды жүзеге асыру және азаматтардың әл-ауқатын арттыру бойынша берілген тапсырмалардың орындалуы талқыланды, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Премьер-министр 2025 жылдың қаңтар-қараша айлары аралығындағы әлеуметтік-экономикалық дамудың алдын ала қорытындыларын баяндады. Ел экономикасын әртараптандыру нәтижесінде ішкі жалпы өнімнің 70%-дан астамы өнеркәсіп, сауда және көлік салаларының үлесіне тиеді. Атап айтқанда, көлік қызметі 20,3%, құрылыс 14,7%, сауда 8,8%, ауыл шаруашылығы 6,1%, өңдеу өнеркәсібі 5,9% өсім көрсеткен. Негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 18,5 трлн теңгені құрап, жеке инвестициялар 9,8% ұлғайған.
Мемлекет басшысына 2026–2028 жылдарға арналған макроэкономикалық тұрақтандыру және халықтың әл-ауқатын арттыру жөніндегі Үкімет, Ұлттық банк пен Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің бірлескен іс-қимыл бағдарламасы таныстырылды. Оның негізгі басымдықтары - халықтың нақты табысын арттыру, тұрмыс деңгейін көтеру және ішкі жалпы өнімді ұлғайту. Сонымен қатар инфляция деңгейін төмендету шаралары қарастырылуда.
Премьер-министр желтоқсан айында шекарадағы бес өткізу бекеті жаңғыртылғанын, Қазақстандық тауар өндірушілердің реестрі іске қосылғанын және шағын бизнесті қолдауға арналған «Іскер аймақ» бірыңғай бағдарламасы қабылданғанын хабарлады. Сондай-ақ жылыту маусымы мен 2026 жылғы дала жұмыстарын қаржыландырудың ерте басталғаны, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу және экспортқа шығару, егіс алқаптарын сақтау мен ұлғайту шаралары баяндалды.
Президент Үкімет басшысына инвестиция тарту, кәсіпкерлікті қолдау және инженерлік әрі көлік инфрақұрылымын жаңғырту бойынша нақты тапсырмалар берді, сондай-ақ елдің тұрақты дамуын қамтамасыз ету бағытындағы жұмысты жалғастыруды тапсырды.
