Бутя мен Ержанов Машкевичтің Еуразиялық тобына қарсы "соғыс" ашты

Dalanews 30 қаң. 2023 06:08 995

Саясатқа қайта оралған Болат Әбілов жақында олигарх Александр Машкевичке (Майшеке, ред.) қатысты біраз былықтың қоясын ақтарып, мәлімдеме жасады.

Dalanews.kz осы мақсатта арнайы жиын өткізген "Елге қайтару" қоғамдық қорының құрылтайшылары Болат Әбілов пен Оразалы Ержановтың талабын тыңдап қайтқан-ды.

Түсінгеніміз, Бутя бастаған белсенділер еліміздегі бай-манаптардың арам жолмен тапқан активтерін елге қайтаруға білек сыбана кіріскен екен. "Машкевичтің Еуразиялық тобы 2017-2021 жылдары елдің ен байлығын теспей сорып, қазақтарды шығынға батырды", – дейді қор мүшелері.

ERG-дің корпоративті есебіне қарағанда "Еуразиялық топ":

2017 жылы 2,09 млрд доллар;

2018 жылы 1,913 млрд доллар;

2019 жылы 1,538 млрд доллар;

2020 жылы 2,23 млрд доллар;

2021 жылы 4,210 млрд доллар ТАЗА пайда тапқан.

Айналасы 5 жылда Машкевичке тиесілі Еуразиялық топ жиын-терімі 11,774 млрд долларды қалтаға басқан.

Дәл осы аралықта (2017-2021 жылдары) Еуразиялық топ Қазақстанға яғни, ел бюджетіне тапқан табысының 40%-ын дивидент ретінде төлеуге міндеттелген. Майшекенің осы көлемде Үкіметке дивиденд төлеуі керектігін Қаржымин Nege ақпарат порталына жолдаған хатында да тайға таңба басқандай анық жазып, көрсеткен.


Dalanews.kz-тің есебінше бұл шамамен 4-5 млрд доллардың төңірегіндегі сұрапыл ақша.

Енді мына парадоксқа назар аударыңыз:

Жалпақ тілмен айтқанда Машкевич Үкіметті "лақтырып" кеткен. Осы аралықта Майшекенің бюджетке аударған ақшасы "мизер": бар болғаны 365 млн доллар!

Турасын айтқанда, Еуразиялық топ мемлекеттің қазынасын қампайтуға тиісті миллиардтарды қалтаға басқан.

Ең қызығы, сол тұстағы Үкімет те бұған көз жұма қарап, Майшекенің есеп-шотынан аударылған жарымаған 365 млн-ды місе тұтқан...

Болат Әбілов "жабулы қазанның қақпағын қайта ашып көрмекке" бекініп отыр. Машкевичтің жемсауында кеткен жұрттың ақшасын қайтару керек дейді.

"Сол тұстағы Үкімет мүшелері Марат Бекетаев, Бақыт Сұлтанов, Бейбіт Атамқұловтардың салғырттығынан қазынамыз миллиардтаған доллардан қағылды", – дейді "Елге қайтару" қоғамдық қорының құрылтайшылары.

Бутяның аузымен айтылған тағы бір inside:

Қаңтарда, Қазақстанда бүлік басталғанын құлағы шалған Машкевич Еуропада тіркелген еншілес компанияға қарыз керек дегенді желеу етіп, елдегі 1,1 млрд долларды шетел асырып жібергенін.

Қаңтарда ел қан-жоса болып, қара жамылған сәтте Майшекенің компаниясы қазақтың жер асты байлығын сатып тапқан қаражатты шетел асырудан қолы босамаған.

Әбіловтың мәлім еткеніндей Қаңтардың қарсаңында  Еуразиялық топ тағы 500 млн долларды шетелге шығарған. Осылайша Машкевичтің компаниясы бір айдың аралығында 1,6 млрд долларды елден жылыстатқан.


Шараға қатысқан қаржыгер Ескендір Бейсембетов: "Қазақстанда 1 млрд долларға 50 мың жұмыс орнын ашуға болады", – дейді.

Бутя бастаған белсенділер Машкевичтің ізіне түсіп, шетел асқан ақшаны қайтаруды көздеп отыр.

Сондай-ақ, қор белсенділері Тоқаевтың шеттегі капиталды қайтару туралы шешім қолдайтынын, бірақ Үкіметбасы Смайловтың сылбырлық танытып отырғанын сынға алды.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар