Бурабайдағы жекеге өтіп кеткен ұлттық парк жерлері мемлекетке қайтарылмақ

Көркем Алдабергенова 12 қыр. 2025 09:19

Ақмола облысындағы Бурабай мен Светлый курорттық кенттерінің бірнеше мың тұрғыны мен кәсіпкерлері үйлері мен демалыс аймақтарынан айырылып қалудан қауіптеніп отыр. Өңірлік жер ресурстарын басқару департаменті соңғы 20 жылда жасалған барлық жер мәмілелерін жоюды талап етті. Жеке меншік иелеріне сотқа шақыру қағаздары келіп жатқанын айтады, деп хабарлайды Dalanews.kz 31 арнаға сілтеп. 

Кәсіпкер Игорь Стрельцов Бурабай кентінен жер телімін бір жыл бұрын сатып алған. Оның сөзінше, ол 400 млн теңге құйып, аумақты абаттандырған, коммуникация жүргізіп, 24 үй салған. Алайда жуырда сотқа шақыру алды: облыстық жер ресурстарын басқару департаменті барлық жер мәмілесін жоюды талап етіп отыр.

"Бізде әрбір бастырма ресми түрде рәсімделген. Олар болса, «кейін сізге жалға берерміз» дейді. Қалайша? Біз бұл жерді ресми түрде сатып алдық қой", – деді кәсіпкер.

Заңгер Сапарғали Құсайыновтың айтуынша, осындай жағдайға шамамен 1800 жер иесі тап болуы мүмкін. Оның бірнеше ондағаны – кәсіпкерлер, қалғандары – қарапайым тұрғындар.

"Біз соттасамыз, талап-арыз береміз. Біз мұнда тұрамыз, бұл – біздің тұрақты мекеніміз, жеріміз рәсімделген", – деді ауыл тұрғыны Валерий Тищенко.

Ресми түсініктеме

Жер ресурстарын реттеу департаментінде істер Ақмола облысы прокуратурасының нұсқауымен қозғалғанын айтты. Олардың дерегінше, учаскелер ерекше қорғалатын аумақтар туралы заңды бұза отырып берілген.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар