Ақмола облысының Төтенше жағдайлар департаменті Бурабайда отшашу атқан ұйымды анықтап, жауапқа тартты, деп хабарлайды dalanews.kz.
Оқиға "Бурабай" мемлекеттік ұлттық табиғи паркіне жақын орналасқан Rixos Lake Borovoe қонақүйінің аумағында болған. Әлеуметтік желіде тараған видеода бір топ адамның орманды аумақта түнде отшашу атып жатқаны көрінеді.
Бұл жағдай қоғамның назарын аударды. Себебі сол кезде Бурабай аумағында өрт қаупінің ең жоғары – бесінші деңгейі белгіленген. Сондай-ақ ұлттық парк аумағында пиротехникалық заттарды пайдалануға тыйым салынған.
Видео тарағаннан кейін Ақмола облысының ТЖД тексеру жүргізіп, отшашуды ұйымдастырғандарды анықтады.
Тексеру нәтижесінде өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзғаны үшін Rixos Lake Borovoe қонақүйінің иесі мен отшашуды атқан ұйым әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оларға Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 410-бабының 1-бөлігі бойынша шара қолданылған.