Алматыдағы QSI халықаралық мектебінің оқушысы суицид жасауға әрекеттеніп, қазір жансақтау бөлімінде жатыр, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Оқиға туралы қыздың әкесі Қанат Әміркін мәлімдеді. Оның айтуынша, соңғы бір жыл бойы мектеп әкімшілігіне қызына қатысты буллинг жайында бірнеше рет шағымданған. Алайда, әкенің сөзінше, білім ордасы тарапынан нақты шара қабылданбаған. Ер адам сыныптастары баланы мазақтап, психологиялық қысым көрсеткенін, ал мұғалімдер бұл жағдайға тиісті деңгейде араласпағанын айтады.
Оқиғадан кейін мектепке келген әке оқу орны басшылығынан салқын әрі формалды қатынас көргенін жеткізді. Оның айтуынша, мектеп директоры мисс Махон жағдайдың ауырлығын толық түсінбегендей әсер қалдырған.
«Мені төмендеткендей, жоғарыдан қарады. Мектеп қабырғасында бала өлім аузында жатыр, ал олардың жауабы: “Сіздердің елдеріңізде суицид көп қой, біз не істей аламыз?” дегенге саяды. Бұл жылына 25 мың доллар тұратын мектептің “қамқорлығы” ма?» – деп жазды ол әлеуметтік желідегі жазбасында.
Сонымен қатар, әкесі буллингке қатысқан оқушылардың бірі жоғары лауазымды шенеуніктің қызы болуы мүмкін екенін де меңзеді.
Ағарту министрлігінің Балалардың құқықтарын қорғау комитеті жағдайдың бақылауға алынғанын хабарлады. Мектепке мобильді психологиялық көмек тобы жіберіліп, зардап шеккен балаға жеке қолдау ұйымдастырылады. Оқу орнына профилактикалық жұмыс жүргізу ұсынылған.
Алматы қалалық полиция департаменті буллинг фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді. Тергеу амалдары басталды.
