"Бұлар талай адамды қан қақсатқан". Шерзатттың әкесі "Хутор" бригадасы туралы пікір білдірді

Қаракөз Амантай 14 қаз. 2024 10:19 36193

Марқұм Шерзаттың әкесі ұлын өлтірді деп айыпталған бір топ күдіктіге қатысты деректерді бөлісті, деп хабарлайды Dalanews.kz.  

Марқұмның әкесінің айтуынша, Талғардың жергілікті бұзақылары осы күнге дейін шағын және орта кәсіптердің үстінен қарап, бопсалап келген.

"Талғардағы дүкендер, тамақтанатын орындар мен ресторандар – солардың бақылауында. Маған да олардың келетіні туралы ескертілген еді. "Саған да келеді, сол уақытта сұрағанын бер" деп айтты. Мен келістім. Бірақ олар келмегеннен кейін "кімге беремін?" деп далаға жүгірмеймін ғой. Міне, Талғарда әкімдіктен бастап, прокуратураға дейін әділетсіздік жайпап жатыр. Тіпті жедел жәрдемнің өзі жемқорлыққа бейімделіп алған. Қарапайым халықтың жағдайы оларға қызық емес. Оған қоса жыл сайын "Хутордың" балалары адам өлтіреді. Мен ғана зардап шекпеген екенмін. Елдер келіп, жағдайларын айтып жатыр. Мәселен, бұған дейін тапа-тал түсте біреудің көзін ойып алған, біраз қызды зорлап тастаған", - дейді марқұмның әкесі Jas Alash YouTube арнасына берген сұқбатында.

Еске салайық, бұған дейін Талғарда 16 жастағы Шерзатты өлтірді деп айыпталып жатқан күдіктілердің суреті әлеуметтік желіде жаппай таралып кеткен еді.

QirSabyn телеграм арнасы бірнеше күдіктінің суреті мен олардың есімін жариялады. Дереккөздің мәліметінше, күдіктелер 1993, 1998 және 2000 жылғы азаматтар. Олардың екеуі бұған дейін де ұрып-соғу фактілері бойынша жауапқа тартылғаны белгілі болды.

Сот деректеріне сүйенсек, азамат А. және оның досы бұған дейін де бұзақылық әрекеттері үшін жауапқа тартылған. Өткен жылдың күзінде азамат Н. екеуі жанармай бекетінде бейтаныс жігітке шабуыл жасап, орташа дәрежедегі жарақат салған. Алайда сотта екі тарап татуласып, істі жылы жапқан.

Азамат Н. болса, қазіргі уақытта төбелес үшін шартты түрде бас бостандығынан айырылған. Оның бұған дейін адамдарға төрт мәрте шабуыл жасағаны белгілі болды. Бірақ жәбірленушілер оған белгісіз себептермен кешірім беріп, татуласуға келіскен.

Осы тұста әлемжеліде Шерзат пен оның отбасына шабуыл жасаған жігіттердің “Хутор” атты жергілікті қылмыстық топпен байланысы бар деген ақпарат желдей есуде. Топтың басшысы Хасан есімді азамат көрінеді. Көптің айтуы бойынша, ол Талғар ауданын үрейде ұстап отыр.

Айта кетейік, 12 қазанға қараған түні Талғар трагедиясында қаза тапқан Шерзат Болаттың үйі өртеніп кетті.

Қазіргі таңда Талғар ауданында үйді өртеу қылмысы бойынша барлық айғақ алынып, қажетті сараптамалар жүргізілуде.

Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Бауыржан Әленов пен Алматы облысының прокуроры Берік Адамов Талғар ауданындағы үйді өртеу фактісі бойынша тергеу барысы туралы хабарлады.

Әленовтың айтуынша, қылмыс жасалған сәттен бастап, яғни 4 қазаннан бері Талғар ауданында министрдің бірінші орынбасары бастаған ІІМ орталық аппараты қызметкерлерінен құралған жедел-тергеу тобы жұмыс істеп жатыр.

"Жедел-тергеу тобы құрылып, қылмыс жасалған жерде мұқият тексеру жұмыстарын жүргізуде. Бейнебақылау камераларынан жазбалар қаралуда. Аулалар мен есепте тұрған тұлғалар тексерілуде. Отбасының тұрғылықты жерін полиция қызметкерлері патрульдеуде", - деді ол. 

Оқиға орын алған кезде өрт болған үйде ешкім тұрып жатқан жоқ еді. Жанұя қазіргі кезде басқа мекенжайда тұрып жатыр.

Қылмыскерлер ұсталып, міндетті түрде жауапқа тартылады. Сонымен қатар жалған ақпарат таратпауға шақырамын, – деді Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Бауыржан Әленов.

Алматы облысының прокуроры Берік Адамов барлық тергеу әрекеттері Бас прокуратураның бақылауында екенін атап өтті.

"Тергеу барысы туралы бас прокурорға есеп беремін. Бүгінгі таңда арнайы прокурорлар үйді өртеу фактісін тергеп жатыр. Оқиға орнынан барлық айғақтар алынып, олар бойынша тиісті сараптамалар тағайындалды. Біз сараптама нәтижелерін күтудеміз, одан кейін қосымша ақпарат беріледі. Бүгінгі таңда осы іс бойынша көптеген жалған ақпарат таратылуда. Азаматтарға жалған ақпарат таратқаны үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылатынын ескерткім келеді", – деді Алматы облысының прокуроры Берік Адамов.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар