5 маусымнан бастап Қазақстанда Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы (БЖЗҚ) жинақты мерзімінен бұрын пайдалану тәртібі өзгереді. Тиісті қаулыға Премьер-министр Олжас Бектенов қол қойған, деп хабарлайды dalanews.kz.
Жаңа ережеге сәйкес, енді зейнетақы жинағындағы «жеткіліктілік шегі» жаңартылған әдістеме бойынша есептеледі. Соның нәтижесінде көптеген азамат үшін шотта сақталуы тиіс ең төменгі сома ұлғаюы мүмкін. Бұл тұрғын үй сатып алуға, ипотекалық қарызды өтеуге немесе емделуге пайдалануға болатын артық қаражат көлемінің азаюына әсер етуі ықтимал.
Бұған дейін қолданыста болған талаптар бойынша зейнетақы жинағының бір бөлігін алу үшін өтінімдерді 4 маусымға дейін беру қажет еді. Өтінімдер арнайы платформа арқылы қабылданды.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаевтың айтуынша, зейнетақы жинағын мерзімінен бұрын пайдалану мүмкіндігі сақталады.
«Зейнетақы жинағын мерзімінен бұрын пайдалану мүмкіндігі жойылмайды. Дегенмен, жүйенің негізгі мақсаты – азаматтарды зейнет жасында тұрақты табыспен қамтамасыз ету», – деді министр.
Жаңа әдістеме бойынша жеткіліктілік шегін есептеу кезінде азаматтың қазіргі жасы, зейнетке дейінгі кезеңі, күтілетін өмір сүру ұзақтығы, болашақ жарналар көлемі, инвестициялық табыс және зейнетақы төлемдерінің жыл сайынғы өсу қарқыны ескеріледі.
Үкімет жариялаған есептеу тәртібіне сәйкес, зейнетақы жинағының болжамды инвестициялық табыстылығы жылына 9 пайыз, ал болашақ төлемдердің өсімі 8 пайыз деңгейінде қарастырылады.
Сонымен қатар, азаматтар зейнетақы жинағындағы артық қаражатты бұрынғыдай тұрғын үй сатып алуға, ипотеканың бастапқы жарнасын төлеуге немесе қарызды өтеуге, кейін сатып алу құқығымен жалға алуға, тұрғын үй жинақтарына аударуға, емделуге және инвестициялық басқаруға беруге пайдалана алады.