Ұсақ-түйектен бастау қиын емес. Бұл дұрыс қадам. Құмыра бірден толмайды. Ол біртіндеп толысады. Тамшы үстіне тамшы тама отырып. Әрбір ұстаз кезінде жәй ғана шәкірт болған. Әуестікпен осы жолға түскен. Ұсақ-түйекке немқұрайлы қарамаңыз. Төзімді, ұстамды болсаңыз, бастаған ісіңізді ақырына дейін жеткізсеңіз, онда жетістік сізді өзі іздеп табады. Ешкім бір түнде өзгеріп кетпейді. Жетістік күн-түн демей жылдар бойы еңбектенген адамға келеді. Құмыра толған кезде ол да есік қағатыны анық.
Кешірім. Ішіңе кек сақтау, ашуды бүркеп ұстау дегеніңіз – қолыңа ыстық шоқ ұстап алып, оны тағы да біреуге лақтырғың келетін ниетіңнің барын жасырмау. Бірақ өзіңіздің ғана қолыңыз күйетінін ескеріңіз. Сіздің ғана жаныңыз өртенбек. Кешірмеудің абақтысындағы бейбақтарға кешірім беріп, бостандыққа шығарсаңыз, ең алдымен оны өзіңіз үшін істейтініңізді түсініңіз. Өзгенің кеудесін басқан адам өзінің кеудесі басылғандықтан ғана солай істейтінін түйсікпен ғана сезіну керек. Кешіруді үйреніңіз. Жылдам кешіріп үйреніңіз.
Әр істің мәні бар. Жетілу үшін әрекет ету маңызды. Жылдам жетілу үшін күн сайын әрекетті үдету керек. Атақ – әркімге берілуі мүмкін. Бірақ оған лайықты болу маңыздырақ. Тек күнбе күн әрекет ететіндер ғана шынайы жеңіске қол жеткізеді. «Тәңір әр құсқа жеуге құрт береді, бірақ оны ұясына салмайды» дейтін мәтел бар. «Адамның әрекеті – жемісі, түк бітірмегені – тағдыры». Маңдайға жазған деп қарап отыру бейәдеп қылық. Тағдырды жасау – мықтылардың мүмкіндігі.
Түсінуге тырысыңыз. Біз ақиқат үшін күресуді тоқтаттық. Қазір әр адам өзі үшін ғана күреседі. Алдымен түсінуге тырысыңыз. Содан кейін ғана түсіндіріңіз. Өзгенің ой-пікірін дұрыс түсінуге барыңызды салыңыз. Өзгені тыңдап, оның ойын білген соң ғана жаныңыз жай табады. Бір нәрсенің байыбын терең түсініңіз: «Дұрыстықты дәлелдеуден – бақытты болу артық» екенін ескеріңіз.
Өзіңді жең. Мың майданға шығып, дұшпанды жеңгеннен – өзіңді жеңу маңыздырақ. Әлдеқайда қиын. Бұл – нағыз жеңіс! Оны сенен періште де, ібіліс те, жұмақ та, тозақ та тартып ала алмайды. Өзіңді жеңу үшін, алдымен санаңды жеңуің керек. Сонда әр ойыңды қадағалай алатын боласың. Сонда ой атаулы мұхиттың толқыны құсап жағаға үнсіз соғылмайтын болады. Мен ойымды қалай қадағалаймын? Ой шырмауық сияқты өне береді дерсіз. Олай емес. Ой деген санаңда ұшып жүрген құстар секілді. Қай құсты миыңа қондырып, ұя салуына рұқсат ету – таңдау өз қолыңда.
Үндестікте өмір сүріңіз. Ол іштен келетін тыныштық. Оны сырттан іздемеңіз. Жүректен табатын сезімді бөгде адамнан сұрамаңыз. Шындықтан басын алып қашқан адам ғана үйлесімділікті өзгеден, сырттан іздеп әуреге түседі. Үйлесімділікті адам өзінен ғана таба алады. Үндестік дегеніміз жаңа жұмыс емес. Су жаңа көлік емес. Жаңа күйеу емес. Әлде, керісінше. Үйлесім дегеніміз – жанның жай табуы. Ол адамның жүрегінен бастау алады.
Риза болыңыз. Орнымыздан тұрып, көп оқымағанымыз үшін, болмаса көп оқуға тым артық уақыт жұмсамағанымыз үшін, денсаулығымыздың жақсы болғаны үшін, әлі де жер басып жүргеніміз үшін алғыс айта жүрейік. Алғыс айтуға тұрарлық себеп табылады. Тіпті, ұрысып жатқан кезде де алғыс айтуға тұрарлық бір жақсылықтың болғанын естен шығармаңыз. Бір күнде кем дегенде он жақсылық тауып, солар үшін алғыс айтыңыз. Әр күннің өз жақсылығы болатынын түсінесіз. Риза жүрекпен адам ұлылыққа қадам бастайды.
Аударған Шынар ӘБІЛДӘ