Ресейлік тележүргізуші Тина Канделаки Қазақстан мен Ұлыбритания арасындағы әскери әріптестікке қатысты пікір білдіріп, бұл қадам Мәскеуге достықтың белгісі емес екенін ашық айтты, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Канделаки Астана мен Лондон арасындағы әскери келісімге 6 маусым, жұма күні қол қойылғанын ерекше атап өтті.
"Егер бір жаңалықтың жұрт назарына ілікпегенін қаласаң, оны жұма күні кешке жарияла", – деді ол.
Оның айтуынша, келесі жексенбіде қорғаныс министрінің қызметтен босатылуы "бұл келісімді жасыру әрекетінің бір дәлелі" болуы мүмкін. Сонымен бірге, демалыс күндері аталған жаңалық Қазақстан Қорғаныс министрлігінің сайтынан алынып тасталғанын да атап өтті.
"Ресейдің басты жаулары тізімінде тұрған елмен әскери әріптестік орнату – бұл теміржол станцияларын қайта атаудан әлдеқайда маңызды. Былтыр дәл сол станция атаулары үшін мені Қазақстанның №1 жауы деп жариялаған еді.
Оның үстіне Қазақстан – ҰҚШҰ мүшесі. Бұл әскери одақ 2021 жылғы қаңтарда президент Тоқаев пен оның айналасын әскери төңкерістен құтқарған. Венгрия немесе Словакия ЕО-ның сыртқы саясатына келіспеген күннің өзінде Ресеймен әскери келісімге бара қоймас еді. Ал Ресейге достық танытып жүрген Қазақстан Британиямен ашық әскери әріптестік орнатып отыр. Бұлай бастағандардың соңы жақсы болмаған. Қазақстанда, сірә, тарих оқытылмайды. Бәлкім, тек ойдан шығарылатын болар", – деп қосты Канделаки.
Айта кетейік, 6 маусымда Қазақстан мен Ұлыбританияның қорғаныс ведомстволары арасында әскери ынтымақтастық жоспарына қол қойылғаны хабарланды. Құжатта көрсетілген басты бағыттар – бітімгерлік қызмет, тілдік дайындық және қазақстандық әскери қызметшілерді Ұлыбританияның жоғары әскери оқу орындарында оқыту.
Еске салайық, Канделаки бұған дейін Қырғызстан мен Қазақстанға "тиіскен" болатын. Ол екі елде орыс тілі шеттетіліп жатқанын айтып, артынша жазбасын өшіріп тастаған болатын.
Тина Канделаки өзінің Telegram-арнасында “Қазақстанда орыс тілі ақырын ығыстырылып жатқанын” айтып, жазба жариялаған болатын. Мұнда ол қазақтарды “мәңгүртке” теңеген еді.
Осы тұста ашуға булыққан қазақстандықтар Тина Канделакиге тиесілі компания өнімін сайттан алып тастауды талап етіп, оны сатып алмауға шақырды.Нәтижесінде ресейлік тележүргізушінің кәсібіне еліміздегі арнайы сауда алаңдарында шектеу қойылды.
Артынша Тина Канделакидің бизнесі Қазақстанда тоқтап қалды. “Золотое яблоко” сауда желісінің Қазақстандағы онлайн-каталогынан Тина Канделакиге тиесілі “Ansaligy” косметика брендінің өнімдері жоғалып кетті. Оны Канделаки "инновациялық" деп атап келген.
Сонымен қатар, Канделакидің сөзінше, Қырғызстан билігі бір жылдан бері Бішкектегі төрт ауданның атын өзгерту бойынша жұмыстар жүргізіп жатыр екен.
"Бішкектегі аудандарда КСРО кезінен сақталған орысша керемет атаулармен аталған: Первомайский, Октябрьский, Ленинский, Свердловский. Қырғызстандық депутаттар бұл (аудан атауларын өзгерту) "ұлттық идеологияны нығайту, сондай-ақ, тарихи дәстүрлер мен құндылықтар негізінде азаматтардың рухани-адамгершілік тәрбиесін жақсарту мақсатында" деп ұсынып отыр. Қырғызстан халқының көбі қырғыз тілінде емес, орыс тілінде сөйлесе, қайдағы идеология?! Бәрін қиындатудың не қажеті бар?" - дейді Тина Канделаки жазбасында.
Тележүргізуші жазбасында дәл осылай Украинада декоммунизация басталғанын, ол бүкіл орыс тілінен бас тарту компаниясына айналғанын айтады.
Бірақ Тина Канделаки бұл жазбасын өшіріп тастаған.
Артынша Тина Канделакиге Қазақстанға кіруге тыйым салынды. Ресейлік тележүргізуші және «Газпром-медиа» бас директорының орынбасары Тина Канделаки Еуроодақ санкцияларына ілікті. Онымен бірге санкциялық тізімге әнші Лариса Долина да енгізілді.
«Коммерсантъ» хабарлауынша, олар санкция салынған 16 ресейліктің қатарында. Бұл шешім Еуропалық кеңес бекіткен 15-ші шектеу пакеті аясында қабылданды.
Санкциялар бойынша ЕО елдеріне кіруге және олардың аумағында жүруге тыйым салынады. Сонымен қатар, еуропалық банктердегі шоттары бұғатталады және кез келген қаржылық операцияларға тыйым салынады.