БҚО-да жол жөндеуге бөлінген бюджет қаржысын жымқырған екі құрылыс компаниясының басшысы 8 жылға сотталды

БҚО-да жол жөндеуге бөлінген бюджет қаржысын жымқырған екі құрылыс компаниясының басшысы 8 жылға сотталды
ЖИ: Dalanews.kz

Батыс Қазақстан облысында жол жөндеуге бөлінген бюджет қаражатын жымқырғаны үшін екі құрылыс компаниясының басшысы сегіз жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды dalanews.kz.

Сот мәліметінше, 2023 жылы Сырым ауданының Жымпиты ауылындағы үш көшені жөндеуге шамамен 259 миллион теңгеге мемлекеттік келісімшарт жасалған.

Мердігер ретінде «Сапақ» өндірістік кооперативі белгіленіп, жұмысқа қосалқы мердігер ретінде «Ақ-Би» ЖШС тартылған. Тергеу барысында екі компанияның басшылары алдын ала сөз байласып, орындалған жұмыстар туралы жалған актілер рәсімдеп, онда жұмыс көлемі мен құнын негізсіз арттырғаны анықталды. Осы құжаттардың негізінде бюджеттен қаржы аударылған.

Құрылыс және экономикалық сараптамалардың қорытындысына сәйкес, іс жүзінде орындалған жұмыстардың құны шамамен 127 миллион теңгені құраған. Ал орындалмаған жұмыстардың құны 56,5 миллион теңгеден асқан.

Сот «Сапақ» өндірістік кооперативінің директоры Бауыржан Сапақбаев пен «Ақ-Би» ЖШС директоры Бигелді Демеуовты қызметтік өкілеттіктерін пайдаланып, алдын ала сөз байласқан адамдар тобымен бюджет қаражатын жымқырғаны үшін кінәлі деп таныды.

Сот үкімімен екі сотталушының әрқайсысы 8 жылға бас бостандығынан айырылды.

Айта кетейік, осы іс бойынша бұған дейін аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің бұрынғы басшысы қызметтік өкілеттігін асыра пайдаланғаны үшін 3 жыл 6 айға бас бостандығын шектеу жазасына кесілген болатын.