Батыс Қазақстан облысында 18 жастағы немере інісін өлтіріп, мәйітін жасырған 26 жастағы ер адам 12 жылға сотталды. Қылмыстан кейін ол сегіз күн бойы туыстарымен бірге марқұмды іздеуге қатысып, оның жоғалғаны туралы әлеуметтік желіде жазбалар жариялаған, деп хабарлайды dalanews.kz.
Криминальный Казахстан мәліметінше, оқиға 19 мамырға қараған түні Жәнібек ауданында болған. Бірге ішімдік ішіп отырған туыстар арасында жанжал туындап, айыпталушы асүй пышағымен 18 жастағы жігітке кемінде 15 рет жарақат салған. Сондай-ақ оны соққыға жыққан. Алған жарақаттарынан жас жігіт оқиға орнында көз жұмды.
Осыдан кейін ер адам марқұмның денесін үйдің артындағы қоқыс шұңқырына көміп, ұйықтауға кеткен. Кейін сегіз күн бойы отбасы мүшелерінің қасында жүріп, жоғалған туысын іздескен. Тіпті әлеуметтік желіге оны табуға көмектесуді сұраған жазбалар жариялаған. Осы уақыт ішінде мәйіт үйдің маңында жасырын жатқан.
Қылмыстың мән-жайы куәгерлердің берген айғақтары арқылы анықталған.
Сот ер адамды адам өлтіргені үшін кінәлі деп танып, орташа қауіпсіздік деңгейіндегі түзеу мекемесінде 12 жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Сонымен қатар ол алкоголизм мен есірткіге тәуелділіктен мәжбүрлі түрде емделуге міндеттелді.
Сотталған азамат марқұмның отбасына моральдық зиян үшін 12 млн теңге өтемақы төлеуге тиіс.
Қаза болған жігіттің анасы тағайындалған жазаны тым жеңіл деп санайды. Ол айыпталушыны кемінде 20 жылға бас бостандығынан айыруды сұраған.
Сот үкімі әзірге заңды күшіне енген жоқ.