Батыс Қазақстан облысында қоршаған ортаны жаңғыртуға және аумақтарды абаттандыруға бағытталған «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы жалғасып жатыр. Бүгін Д.Елеусінов атындағы оқушылар сарайында мектеп оқушыларының қатысуымен экологиялық сынып-сағаты өтті,- деп хабарлайды Dalanews.kz
«Таза Қазақстан» республикалық акциясы еліміздің барлық өңірлерінде жалғасып, жалпыұлттық эко-челленджге айналды. Бұл бағыттағы іс-шараларға еріктілер мен белсенді студенттер ғана емес, сонымен қатар әртүрлі мекемелердің қызметкерлері де қатысып келеді. Экологиялық сынып-сағатымыздың мақсаты – салауатты экологиялық сананы қалыптастыру, қоршаған ортаны сақтау қажеттілігін өскелең ұрпаққа жеткізу, еліміздің тазалығына бірлесіп ат салысу», - деді БҚО табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының өкілі Фариза Сұлташева.
Бүгінгі таңда санитарлық жұмыстарға 148 мыңнан астам тұрғын және 4 мың мекеме мен кәсіпорын қатысты. Акция аясында 76 мыңнан астам аула, оның ішінде 2508 көпқабатты үйдің аумағы және 74 мыңнан астам жеке тұрғын үйдің аумағы жиналды.
Сондай-ақ, 231 саябақ пен скверді абаттандыру жұмыстары жүргізілді, 63 мыңнан астам ағаш көшеттері отырғызылды, 6 мыңнан астам тротуар плиталары жөнделді. 1221 әлеуметтік нысанның аумағы мен 1251 тарихи-мәдени ескерткіштің аумағы тазартылды.
Экологиялық іс-шараларды өткізу үшін 1810 бірлік техника жұмылдырылды, соның арқасында 61 750 тонна қоқыс шығарылды. Бұдан басқа, "Ғарыш сапары" АҚ анықтаған 192 заңсыз қоқыс үйінділерінің 158-і жойылып, қалған 34 қоқыс үйіндісін жою жұмыстары жалғасуда.