Батыс Қазақстан облысында болған соңғы оқиға қоғамға тағы да бір ескерту жасады. Қарапайым адамның өмір бойы жинаған қаржысы көз алдында қас-қағым сәтте жоқ болып кетуі мүмкін екені анық сезілді. Орал қаласындағы ірі сауда орталықтарының бірінде орын алған жағдай – қазіргі заманның ең қауіпті құбылыстарының бірі болып тұрған интернет пен телефон алаяқтарының әдістерін айқын көрсетіп берді.
Полицейлердің айтуынша, бір ер адам терминалдың алдында тұрып, телефонмен сөйлесіп, асығыс күйде мәлімет енгізіп жатты. Оның жүзінен қобалжу анық байқалған. Сол сәтті жіті байқаған тәртіп сақшылары дереу араласып, жағдайдың мән-жайын сұрай бастады. Әңгіме барысында белгілі болғаны – азамат бірнеше күн бойы белгісіз нөмірден қоңырау қабылдап келген.
Алғашында өзін «полиция қызметкерімін» деп таныстырған адам, кейіннен «Тамара» деген әйел, одан әрі «қызы» мен «ұлы» болып қоңырау шалған «туыстар» оның санасын улап, сеніміне кірген. Барлығының мақсаты бір «ақшаң қауіп астында тұр, сақтап қалу үшін арнайы қорғау шотына аудару қажет» деп сендіру.
Осы сенімге арбалған азамат депозиттегі қаржысын шешіп алып, 1,3 миллион теңгені аударуға дайын тұрған. Егер сол мезетте полиция араласпағанда, ақшадан біржола айырылып қалары сөзсіз еді. Бұл – алаяқтардың қарапайым халықты алдау үшін қаншалықты жан-жақты дайындалатынын, түрлі рөл ойнап, психологиялық қысым жасайтынын дәлелдейді. Бүгінгі күні олар банк қызметкері болып та сөйлейді, полицияның да атын жамылады, тіпті туыс-бауырдың үнін салып, адамды екіұдай күйге түсіреді.
Әсіресе орыс тілінде шыққан ақпарат көздері мұндай тәсілдердің Ресей мен ТМД елдерінде кең тарағанын айтады. Ондағы қылмыстық топтар адамдардың психологиясын зерттеп, олардың қорқыныштарын жақсы пайдаланады. «Ақшаң жоғалады», «шотың бұғатталады» деген сөз – адамды жылдам шешім қабылдауға мәжбүрлейтін құрал. Қазақстанға да бұл «толқын» жетті. Демек, тек полицияның әрекетімен шектелмей, әрбір азаматтың қаржылық сауаттылығы күшеймейінше, мәселе түбегейлі шешілмейді.
Полицияның дер кезінде араласуы – бір адамның ғана емес, бүтіндей отбасының тағдырын сақтап қалды. 1,3 миллион теңге – қарапайым отбасына бір жылдық табысқа тең қаржы. Егер бұл ақша қылмыскерлердің қолына түссе, оны қайтару мүмкін емес еді. Осы оқиғаның әлеуметтік мәні де осында: адамдар өз еңбегінің жемісін қорғаудың жолын әлі де үйреніп үлгермеген. Мемлекет тарапынан жасалып жатқан алдын алу шараларының маңызы да осыдан туындайды.
Бүгінде Батыс Қазақстан облысында банкоматтар мен терминалдардың жанында полиция қызметкерлері арнайы профилактикалық жұмыстар жүргізуде. Әсіресе халық көп шоғырланған сауда орталықтарында тәртіп сақшылары азаматтардың әрбір әрекетіне назар аударып, күдікті жағдайға дер кезінде араласады. Мұндай «зоналарда» қырағылық таныту – қылмыстың алдын алудың ең тиімді жолы. Сонымен бірге тұрғындарға түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, «ешқашан бейтаныс нөмірлерден келген қоңырауға сенбеңіздер, банк қызметкері де, полиция да сізден ақша аударуды талап етпейді» деген қарапайым ереже қайталанып айтылады.