БҚО әкімінің орынбасары болып 36 жастағы шенеунік тағайындалды

Көркем Алдабергенова 16 шіл. 2025 09:39

Мирас Мұлқай БҚО әкімінің орынбасары болып тағайындалды, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Бүгін, 16 шілдеде, Президент әкімшілігімен келісім бойынша облыс активіне Батыс Қазақстан облысы әкімінің жаңа орынбасары таныстырылды. Бұл қызметке соңғы екі жыл бойы облыстың энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасын басқарған 36 жастағы Мирас Мұлқай тағайындалды.

Мирас Мұлқай бұл лауазымда Бақытжан Нәрімбетовтің орнын басты. Бақытжан Нәрімбетов 2025 жылдың сәуір айының соңында Қостанай облысы әкімінің орынбасары болып тағайындалған еді. Ол Батыс Қазақстан облысында денсаулық сақтау, энергетика, жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар, мобилизациялық дайындық пен азаматтық қорғаныс мәселелеріне жетекшілік еткен.

Мирас Мұлқай Батыс Қазақстан облысының тумасы. М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетін «Қаржы» мамандығы бойынша және Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетін «Құрылыс» мамандығы бойынша тәмамдаған.

Еңбек жолын 2011 жылы Орал қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөліміне қарасты статист лауазымынан бастаған. Әр жылдары бас маман, көріктендіру секторының меңгерушісі, ТКШ бөлімі басшысының орынбасары, сондай-ақ қалалық құрылыс бөлімінің басшысы қызметтерін атқарған.

2019 жылы Орал қаласы әкімінің орынбасары болып тағайындалды.

2023 жылғы 17 қаңтардан бастап Батыс Қазақстан облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасын басқарды.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар