Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев бүгін Үкіметте өткен баспасөз мәслихатында сыбайлас жемқорлық күдігі бойынша көлік вице-министрінің ұсталуына кім жауапты болатынын айтты, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Ол сот үкімі күшіне енген сәттен бастап, егер мемлекеттік органда істейтін адам сыбайлас жемқорлық бойынша сотталса, оның басшысы отставкаға кетуге міндетті екенін баса атап өтті.
"Дегенмен тым асығыстық танытып, үкім шықпай жатып, әлдебіреуді кінәлі етудің, жазғырудың қажеті жоқ деп ойлаймын. Сот шешімі шығуы тиіс. Сол кезде сыбайлас жемқорлық қылмыс жасалды деп танылып, есептеледі. Ал оған дейін ол тек күдікті адам. Кез-келген вице-министр тиісті сала басшысының ұсынысы бойынша тағайындалады. Министр ұсынады, ол адамдар заң бойынша ҰҚК және Антикор желісі бойынша әбден тексеруден өтеді. Содан кейін олар Президент Әкімшілігіне келісу үшін ұсынылады, біздің қызметтерімізде, осы кеңсенің де өз ережелері бар. Содан кейін тағайындау Үкіметтің қаулысымен рәсімделеді", деп сөзін толықтырды Бозымбаев.
Бүгін көлік вице-министрі Сәтжан Аблалиевтың қызметінен босатылғаны хабарланған. Ал бұған дейін Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметі оның ұсталғанын растаған еді. Алдын ала болжам бойынша, шенеунік ақшаны Ұлыбританиядағы ұлының оқуына жұмсаған. Тергеушілердің пайымынша, пара республикалық автожол құрылысына техникалық бақылау жүргізген компанияларға жасалған қамқорлықтың өтеуі ретінде берілген. Бұған дейін пара сомасы 78 мың долларды құрағаны туралы ақпарат тараған еді.