Бозымбаев не бүлдірді?

Dalanews 23 мау. 2015 03:33 993

Қазір ел арасын Қанат Бозымбаев туралы қырық түрлі әңгіме қыдырып жүр. Павлодар облысының әкіміне сенген топ оны іскер, елдің айтқанына көніп, айдауына жүретін можантопай емес, нағыз мінезді әкімнің өзі десе, қарсы тарап есекке теріс мінгізуге үйір. Бозымбаев десе болды боздап қоя беретін топтың ортасында қазақтілді де, орыстілді де жұртшылық көп. Ол соғұрдай не жазды? Қайдан қателесті? Неге Павлодарға әкім болу қиын? Біз осы сұрақтарға аздап үңілгенді жөн көрдік.

03Жас әкім... базар

Ол 2009-2013 жылдар аралығында Жамбыл облысының әкімі болды. Небәрі 40 жасында мұндай лауазымға жеткендер некен-саяқ. Ел арасы гу-гу әңгімені сол кезде боратқан. «Ең жас әкім» десті, «өте іскер екен» десті. Ең бастысы, басынан бұлт арылмаған Жамбыл облысындағы әлеуметтік проблемаларды бір шешсе, осы Бозымбаев шешеді деп аттандады. Әулиеата өңірінің қаншалықты өсіп-өркендегені барша жұртқа мәлім. Бұрынғысынан асып та кеткен жоқ, кем де қалған жоқ. Статистикалық мәліметтердің белортасында жүрді... Бірақ әкімнің атын іскерлігі емес, Тараздағы базарларды көшіру кезінде жұрт жиі ести бастады. Нәпақасынан айырылғалы тұрған саудагерлер көшпейміз деп кейінге тартқанына қараған жоқ, шулаған жұртты сүйреп шығарып, қала ортасындағы базарды сүрді де тастады. Жас әкімнің қарқынына таңырқап, белден басуға үйір әкімге тіксіне қарағаны жадымызда. «Мұның қалай?» дегендерге сөз шығындаған әкімді көрмедік. Ақыры, саудагерлер сабырға түсті. Жуан жұдырықтан сескеніпті дегенді естідік...

dbf019e96e94108f12b43fb8f2fb5b6cМәдениет... керек еді

Тараз жұртшылығы Бозымбаев әкімдікке бизнес пен өндіріс саласынан келгенін айтып, ол облысты басқарған жылдары өңірдегі мәдениет саласына жіті көңіл бөлінбегенін сөз етеді. Оның айналасына ерткен командасы кілең кәсіпкерлер, мұнайшылар, ірі қаржы орталықтарының маманы болды, онысына қарсылығымыз жоқ, әттеген-айы, мәдениет, руханият саласына мойын бұруға тым енжарлық танытты дегенді жиі естиміз. Әкім сол жылдары жыл сайын бірнеше рет бизнес-форумдар өткізіп, оған елден және шетелден ірі кәсіпорын басшыларын, ақылмандарды, инвесторларды шақырыпты. Егін, мал шаруашылығына бейім өңірде, түсті металдардың түр-түрі бар екені шын. Бірақ солардың қызығын өңір жұртшылығы көрді ме екен? Көрсе жұмыссыздық, кедейлік мүлдем жойылса керек еді. Олай болмады ғой. Біздің елдегі сықаған цифрларға сенсеңіз, жағдайымыз әлдеқаш жақсарған. Бозымбаев та солай есеп беріп кетті... Олардың сөзіне сенсек, әкімге мәдениет туралы кеңес беретіндер тым аз болыпты. «Мәдениетсіз әкім дегелі тұрған жоқпын, бірақ мәдениет саласына көңіл бөлуге атүсті қарағаны қайран қалдырады» дейді осы өңірдің тумасы біздің суыртпақтап сыр тартқанымызда. Рас, мәдениет... керек еді. Сол құрғыр әлі жетпей тұр ма деген ойға қаламыз кейде...

«Мемлекеттік тілді үйренемін»

Ол Жамбылға келгенде, бірінші кезекте Мемлекеттік тілді – ана тілін үйренуге ант берді. Әкім уәдесінде тұрды. «Абай жолын» еркін түсінбесе де, «Әліппені» қиналмай оқитын деңгейге жетті. Бұған да шүкір. Кезінде, бұдан 7-8 жыл бұрын Үкіметбасы болған Кәрім Мәсімовтың өзі мемлекеттік тілді тез арада игеремін деп уәде берген еді ғой... Сондағы үйренгені «Саламатсыздар ма?» деген бір сөз болса керек. Мәсімов Үкіметі тек қазақ тілінде жиналыс өткізеді екен дегенді естісек құлағымыз керең болсын. Оған қарағанда, Қанат Алдабергенұлы әжептәуір табандылық көрсетті. Қағаз жүзінде әлдеқашан (іс жүзінде қашан көшерімізді Құдай білсін) мемлекеттік тілге көшкен еліміз үшін бір әкімнің тіл сындыруының өзі қабағат қуаныш болып тұрғанын несін жасыралық. Алматыда өскен ғой деп жұбатамыз да өзімізді. Сол әкіміңіз Павлодарға барғалы бері үйренген тілін ұмытып қалмады ма екен осы? Онсызда орысқолды ортаның ыңғайына жығылып, ресми тілде жиналыс өткізуді әдетке айналдырды дейді жергілікті жұртшылық. Кім білген? Жамбылдағы қазақы ортадан алған «стресстерін» емдеп жүрген шығар...

Әкімдерді ауыстыру

Павлодарлықтар бүй дейді: «Әкім Бозымбаев келгелі бері жергілікті жердің саяси һәм зиялы ортасымен шығыса алмады». Ол қандай саяси элита? Естуімізше, онда екі топ бар. Бірі – орыс ұлтшылдары, қымс етсе аттандап, әкімдердің әр ісінен ұлттық кемсітушілік, бөлу, тілді алалау факторларын іздейтін топ. Екіншісі, қазақ тілі мен ұлттық мүддені қорғауды мақсат тұтқан ат төбеліндей орта. Қанат мырза осы топтың біріншісіне сеніп, екіншісін кейінге итергені жайлы бұған дейін баспасөзден оқығанбыз. Сондай-ақ, ол әлікүнге дейін жергілікті саяси топпен, әсіресе бұрынғы аудан, қала әкімдерімен тіл табыса алмағаны байқалады. Жуырда ғана облыста бірнеше ауданның әкімі арт-артынан орындарын босатты. Олардың көбі, Бозымбаев әкім болғалы бері әртүрлі сылтау іздеп, орындарынан алып тастауға құлшынғанын айтыпты. Демек, Павлодар елінің әкімнің бұлғақ саясатына көңілдері көншімейді. Егер мәселенің бәрі жергілікті атқамінерлерді ауыстырумен шешілсе, онда Бозымбаевтың бұл күндері ұйқысы тыныш болар ма еді, кім білсін?!..

[caption id="attachment_11128" align="alignleft" width="377"]AT__7136 Асқар Джалдинов[/caption]

Асқар Джалдинов... кім?

Экс-әкім Ерлан Арынның сөзін бір кісідей сөйлеген қазақтілді зиялы қауымның дені Бозымбаевтың тоқпағының дәмін татып үлгерді. Әрине, ашық түрде сабау, қысым көрсету емес. Орыстілді басылымдар мен жергілікті орыс ұлтшылдары арқылы оларды елдің жауы етіп көрсетуге ұмтылды. Соның басы-қасында әкімнің баспасөз хатшысы Асқар Джалдинов дегеннің жүргенін айтады. Бұл кім дейсіз бе? Құдай-ау, бұл жігіттің аты қазір ел бойынша мәшһұр. Кезінде Тараздағы басылым біткен Асқар Джалдиновты көрсе, кірерге тесік таппай сасқалақтайтынын талай мәрте айтып, арыз-шағым жолдаған. Сол кездері Джалдиновке жаппар демегеннің бәрі қысым көріп, «өз еріктерімен» орнын босатыпты. Редактор біткенді алдына шақырып алып: «Арызыңды жаз да, жұмыстан кет!» деп, екі аяғын бір етікке тыққан осы батыр. Қазір де Джалдиновтың жазасына ұшырайтын павлодарлық журналистердің қатары мол көрінеді. Ол кей кездері әкім шығармас бұйрықты шығарып, әкім айтпайтын сөзді айтады деседі жұрт... Бастабында орыс ұлтшылдарына ыңғай танытқан да осы жігіт көрінеді...

Әй, Дәурен-ай!..

«Павлодар облысының әкімі Қанат Бозымбаевтың ұлы Дәурен өлкедегі Президент резиденциясында қыз зорлапты» деген сөз кеукеулегелі бір айға жуықтады. Рас-өтірігін сот анықтай жатар, бірақ содан бері бұл оқиға апта сайын күрделене түсті. Осы күні әкімнен ақша бопсалағысы келді деген күдікпен бірнеше адам қамау изоляторында отыр. Олар зорланды деген қыздың құрбысы Әлмира Күлиева, жергілікті «Версия» газетінің редакторы Ярослав Голышкин бастаған бірнеше адам. Қазір бұл іс ҰҚК-ның тергеуінде жүріп жатыр. Ә. Күлиеваның анасы қызының қалай куәгерден күдіктіге айналғанын түсінбей дал. Ал Голышкинді жақтаушылар мұның бәрі әкім ұлының қылмысын жабу үшін жасалып жатқан арнайы шара дегенді айтып отыр.

Қылмыстық топ... құрықталды

Білетіндер бұл оқиғадан бірнеше вариант қарастырады.

Егер, Бозымбаевтың ұлы қыз зорламаған болса, онда осыған дейін әкімнің өзі ашық пікір білдіріп, өз ұлының ақ екенін мәлімдеп, бұл саяси шантаж деп ашық пікір білдірер еді. Бірақ әкім қылмыстық топты өз ұлының қыз зорлады дегенін сылтауратып, ақша талап етті дегенді ғана мәлімдеді әрі олардың өзін қаматты.

Екінші нұсқа мүлдем керісінше өрбиді. Бұл жергілікті орыс ұлтшылдарының әкімге жасаған қысымы дегенге саяды. Кезінде Ерлан Арынды да да тұзаққа түсірген әккі топ, Бозымбаевты айтқанына көндіріп, айдауына жүргізу үшін осылай істеп отыр дейді. Голышкиніңіз орыс шовинистерінің белді өкілі көрінеді. Егер Бозымбаев олардан жеңілсе, онда Павлодарды тек солар билеп-төстейді деген пікір де естідік. Көп өтпей, әкім-қаралардан ақша бопсалаумен айналысқан топ құрықталғаны да мәлім болды. Қайсысына сенеміз? Әкімнің ары таза болса, істеген ісінде шикілік болмаса, өзгенің шантаж жасауына мүмкіндік бермесе, олар қалай бопсаламақшы?.. Бәрін уақыт көрсетеді...

Егер әкімнің ұлы шынымен де қыз зорлаған болса, онда біздің саяси элитаның әбден іріп-шірігені дәлелденді деген сөз. Егер Батыс елдерінде дәл осындай жағдай орын алса, әкім түгіл, тұтас Үкімет отставкаға кетер еді. Өз еріктерімен...

Ол кімнің адамы?

Саяси эшалонның өзара қарым-қатынасын жақсы білетіндер Бозымбаевты Құлыбаев тобының белді мүшесі дегенді айтады. Жастайынан жіліктің майлы басын ұстап үйренген оның өзіне сенімділігі Құлыбаевтың құптауынсыз болмас еді дегенде сөз бар. Бозымбаевтың бұл тығырықтан қалай жол табарын біз ғана емес, барша жұртшылық күтіп отыр. Табаламаймыз... Таңырқамаймыз да...

 

Ахмет САҒЫНДЫҚ


   

 

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар