Бозарықта – баспана кілті тапсырылды

Сағыныш Сардарова 24 қаз. 2024 18:41 331

Республика күні қарсаңында Шымкент қаласында 300-ден аса тұрғын баспаналы болды. Жаңа қоныстанушылар арасында толық емес және көпбалалы отбасылар, мүмкіндігі шектеулі балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар, мүмкіндігі шектеулі азаматтар, ата-ана қамқорлығынсыз қалғандар мен бюджеттік сала қызметкерлері  бар. Пайдалануға берілген баспаналарды тұрғындар Отбасы банк арқылы  «2-10-20» және «5-10-20»  мемлекеттік бағдарламалары бойынша несиелік негізде рәсімдеген.  

«Бозарық» шағынауданында өткен салтанатты жиынға қала әкімі Ғабит Сыздықбеков пен «Отбасы банк» АҚ Шымкент қалалық филиалының директоры Дәурен Саудабаев қатысып, жиналғандарды құттықтады.

"Республика күнінің елімізде маңызы орасан зор. Осынау мерекеде Шымкент қаласында тұрғын үй кезегінде тұрған 300 тұрғын қоныс тойын тойламақ. Бұл бәріміз үшін де үлкен қуаныш. Бүгін 304 пәтерлік тұрғын үй пайдалануға берілсе, жақын күндері 400 пәтерлі 10 көпқабатты тұрғын үйге конкурс өткізілетін болады. Біз өз тарапымыздан тұрғын үйлердің сапасын қатаң қадағалауға алып отырмыз.Баспаналарыңыз берекелі болсын", - деп Ғабит Әбдімәжитұлы тұрғындарға баспана кілтін табыс етті.

«Отбасы банк» АҚ Шымкент қалалық филиалының директоры Дәурен Саудабаевтың айтуынша, жыл басынан бері Отбасы банк «2-10-20» бағдарламасы бойынша 2 500-ге жуық, ал «5-10-20» бағдарламасы бойынша 3 247 отбасының баспаналы болуына көмектескен.

«Тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы» аясында «2-10-20» және «5-10-20» мемлекеттік бағдарламалар бойынша берілген пәтерлердің жылдық мөлшерлемесі 2% (ЖТСМ 2%-дан бастап 2,1% дейін) және 5% (ЖТСМ 5,2%-дан бастап 5,8% дейін) мөлшерінде. Бұл бағдарламалар баспана алу кезегінде тұрған азаматтар мен әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларға арналған, - дейді «Отбасы банк» АҚ Шымкент қалалық филиалының директоры Дәурен Саудабаев.

Гүлдана Досова/Суреттердің авторы: Яна Ахметова

Солардың бірі Гүлдана Досова. Ол үй кезегіне 2018 жылы тіркелген екен. Көпбалалы ана көп жылдан бері пәтер жалдап, өзгенің босағасын сағалап өткенін айтады.

өпбалалы ана ретінде биыл «2-10-20» бағдарламасы бойынша конкурсқа қатысып, өздеріңізкөргендей баспана кілтін алып отырмын. Балаларым осы үш бөлмелі кең пәтерде емін-еркін ойнап өсетін болады деп қуанып жатырмын. Тұрғын үйге зәру болған әрбір отбасы осындай бақытты күнге жете берсін деп тілеймін", - дейді ол.

Ал, І топтағы мүгедек Батырқұл Қасымхан да бұл күні өзі армандаған пәтерінің кілтін алды. Оның үй кезегіне тіркелгеніне 9 жыл болыпты.

"Бұған дейін қала әкімінің қабылдауына үйімнің жоқ екенін айтып, екі рет кірген болатынмын. Ол кісі қалалық тұрғын үй басқармасының басшысына тапсырма беріп, міне, бүгін қаншама жыл армандаған баспанама қол жеткізіп отырмын. Маған үш бөлмелі пәтер кілті табысталды. Қуанышымда шек жоқ. Барлығын тез рәсімдеп берген Отбасы банкіне де айтар алғысым шексіз. Жеңілдетілген несиенің пайызы өте арзан, қалтама ауыр салмақ салмайды", - дейді Батырқұл Қасымхан.

Жалпы жыл басынан бері Шымкент қаласында жылжымайтын мүлік алу мақсатында 27 000-нан астам тұрғын депозит ашты. Бұл еліміздегі аймақтарарасында ең жоғары көрсеткіш. Яғни, шымкенттіктер тұрғын үй жағдайларын жақсарту мақсатында қаражат жинауда белсенділік танытып келеді. Ағымдағы жылы Шымкент шаһарында 3 633 отбасы «Отбасы банк» арқылы баспана алып, қоныс тойын тойлады.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар