Боямасыз құндылықтар – «Ұлы дала бояуларында»

Dalanews 06 мау. 2018 05:12 894

Астанада Оқушылар сарайында «Ұлы дала бояулары» атты республикалық балалар және жасөспірімдер байқауының қорытындысы бойынша жеңімпаздар салтанатты түрде марапатталып және балалар шығармашылығының көрмесі өтті.

Жобаны Астана қаласының Балалар көркемсурет мектебі – ЮНЕСКО клубы және Қазақстандағы «Шеврон» компаниясы ұйымдастырған болатын.
Шеврон компаниясының өкілі Лейла Айтмұханова аталған компанияның Қазақстанға 25 жыл бұрын, яғни 1993 жылы келіп, жас тәуелсіз мемлекет ретінде іргетасын қалауға кіріскенде қолдау көрсетіп, сенім білдірген бірінші батыстық инвестор болғанын айтады.

«Көп жылдан бері Шеврон компаниясы ірі әлеуметтік жобалардың бірі, жас ұрпақты экологиялық құндылықтарды бағалауды өнер арқылы үйретуге күш салып келеді. Біз бүгін тамашалап отырған суреттерде балалардың қоршаған ортаның сұлулығын, Қазақстан халқының мәдениетін бейнелеуге құштарлығын анық көріп отырмыз», – деп балалар салған суреттерге оң баға берді компания өкілі Лейла Айтмұханова.
Елордасы Астананың 20 жылдығы қарсаңында және «Рухани жаңғыру» ұлттық бағдарламасын іске асыру аясында өткізілген «Ұлы дала бояулары» байқауында «Менің қаламның тарихи орындары», «Сіз өз қалаңызды 20 жылдан кейін қалай елестетесіз?», «Менің халқымның рухани мұралары» тақырыптары қамтылды.

Балаларды экологияға жақын болуға тәрбиелеу, экологияны қорғау мәдениеті мен экологиялық танымдарын кеңейту, бейнелеу өнерін насихаттау, өсіп келе жатқан ұрпақтың шығармашылық әлеуетін көтеруді мақсат еткен байқауға еліміздің түкпір-түкпірінен балалар мен жасөспірімдер көптеп қатысып, қатысушылар бейнелеу құралдармен қоршаған әлемді, яғни туған елінің табиғатының сұлулығын, сүйікті қаласын, сәулеттік жетістіктерін, Отанымыз Қазақстанның халқының бірлігі мен ынтымағы жарасқан елде тұрып жатқанын көрсетуге тырысты.
Көрмеге Қазақстан өңірлерінің балалар көркемсурет мектептері мен өнер мектептерінен 12–16 жас аралығындағы 200-ден астам қатысушылардың жұмысы жіберілді.

Жұмыстарды ҚР Суретшілер одағы мүшелері, өнер қайраткерлері, ҚР еңбегі сіңген суретшілерінен тұратын әділқазы алқасы бағалады. Байқау аясында бейнелеу және декоративті–қолданбалы өнер, мүсін және қыш бойынша шеберлік–кластар, елорданың әсем де салтанатты орындарымен танысу және ҚР Ұлттық музейіне, «Мәңгілік ел» салтанатты аркасына барумен экскурсиялар және т.б. қызықты шаралар жүзеге асырылды.

Сұлугүл Бекен


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар