Борттағы 20 адамның бәрі қайтыс болған - Грузиядағы түркиялық ұшақ апаты

Көркем Алдабергенова 12 қар. 2025 09:29

Әзербайжаннан Түркияға бағыт алған C-130 типті әскери ұшақ Грузия мен Әзербайжан шекарасында апатқа ұшырады, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Іздестіру-құтқару жұмыстары жалғасуда. Бұл туралы Түркияның Ұлттық қорғаныс министрлігі түрік әлеуметтік платформасы NSosyal-да жариялаған хабарламасында мәлім етті.

"Әзербайжаннан біздің елімізге бағыт алған С-130 әскери ұшағымыз Грузия мен Әзербайжан шекарасында құлады. Іздестіру-құтқару жұмыстары Әзербайжан және Грузия биліктерімен үйлестіріле отырып басталды", – делінген хабарламада.

Түркияның Ұлттық қорғаныс министрлігі Грузия мен Әзербайжан шекарасында құлаған әскери жүк ұшағының сынықтары табылғанын хабарлады. Апаттың себебі ұшақ апаттарын зерттеу жөніндегі комиссия жүргізетін егжей-тегжейлі тергеу нәтижесінде анықталмақ.

"Грузияның іздестіру-құтқару топтары ұшақтың құлаған жеріне жергілікті уақыт бойынша сағат 17:00-де жетті. Ұшақтың сынықтары біздің әуеапаттарды тергеу тобының тексеруін жүргізу үшін күзетке алынды. Біздің тергеу тобы сол аймаққа жол тартты. Ұшақтың құлау себебі апат орнында біздің тергеу тобы жүргізетін егжей-тегжейлі тексерістің нәтижесінде анықталады", делінген министрлік мәлімдемесінде.

Түркияның Ұлттық қорғаныс министрлігі Грузия мен Әзербайжан шекарасында апатқа ұшыраған С-130 әскери ұшағында 20 адамның, соның ішінде экипаж мүшелерінің болғанын хабарлады.

"Құлаған ұшақ бортында экипажды қосқанда 20 адам болған. Ұшақтың құлаған жерінде іздестіру-құтқару жұмыстары жалғасуда", – делінген министрліктің мәлімдемесінде.

Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған Грузияның премьер-министрі Ираклий Кобахидземен телефон арқылы сөйлесті.

Президенттің баспасөз қызметі таратқан ақпаратқа сәйкес, әңгіме барысында Түркия ӘӘК әскери-транспорттық ұшағының Грузияда құлаған жеріндегі іздестіру-құтқару жұмыстарының соңғы барысы талқыланды.

Грузия премьер-министрі Кобахидзе апат салдарынан қаза тапқан түрік әскери қызметкерлеріне байланысты президент Ердоғанға көңіл айтты. Ал Ердоған премьер-министрге білдірген көңілі мен қолдауы үшін алғыс айтқан.

11 қарашада кешкі уақытта мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркия қарулы күштері ұшағының апатқа ұшырауына байланысты көптеген адамның қайтыс болғаны туралы суыт хабарды күйзеліспен қабылдағанын жеткізіп, Президент Режеп Тайип Ердоған мен бауырлас түрік халқына көңіл айтты.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар