Бұл фильмде ойнаған Саша Барон Коэн мюзиклдегі немесе комедиядағы ең үздік рөл номинациясын жеңіп алды.
Лос-Анджелесте кинофильм мен телевизизия саласындағы ерен еңбек марапатына арналған 78-ші "Алтын глобус" шарасының салтанаты өтті. Алтын глобус "Оскардан" кейінгі ең беделді сыйлық болып саналады.
2020 жылдың қыркүйек айының басында Борат туралы фильмнің екінші бөлімін түсіру аяқталды. Қараша айында оның алғашқы көрсетілімі болды. Қазақстанда фильмді прокаттауға тыйым салынды.
29 қазанда қазақстандықтар АҚШ-тың Алматыдағы Бас консулдығының жанында пикет өткізді. Наразылық білдірушілер "Борат" фильмі кейіпкерінің суретін табытқа салып, АҚШ жалауымен орады. Олар "Боратты" АҚШ-қа жерлеуді талап етті.
23 қазанда алматылықтардың бір тобы АҚШ-тың Бас консулдығына келіп, дипломаттарға "Бораттың" екінші фильмін көрсетуге наразылық білдіргендердің қолы бар петицияны тапсырды. Олар актер Саша Барон Коэннің фильмі үшін Қазақстан халқынан кешірім сұрауын және "Қазақстанның ұлттық қауіпсіздігіне зиян келтіруге қатысы барларды" жауапқа тартуды талап етті.
2006 жылы кинотеатрларда британдық әзілкеш Саша Барон Коэннің "Борат: Қазақстан халқының игілігі үшін америкалық мәдениетті зерттеу" комедиясы жарық көрді.
Онда Америка туралы деректі фильм түсіріп жатқан қазақстандық журналистің шым-шытырық оқиғалары баяндалады.