Боранбаевтың әйеліне тиесілі Швейцариядағы қаражат бұғаттан босатылды

Көркем Алдабергенова 27 ақп. 2025 15:18 579

Швейцарияның федералдық қылмыстық соты қазақстандық кәсіпкер Қайрат Боранбаевтың әйелі Шолпан Боранбаеваға тиесілі деп айтылатын $212 млн қаражатты бұғаттан босатты, деп хабарлайды Dalanews.kz Азаттыққа сілтеп.

Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың әулетінің бұрынғы құдасы кәсіпкер Қайрат Боранбаев Қанды қаңтардан кейін ұсталып, “газды сату бойынша келісімнен түскен шамамен 14,6 млрд теңге қаражатты жымқырды” деген күдікке ілінген.

Бұдан кейін Қазақстан билігі Швейцарияның бас прокуратурасына сұрау салып, Боранбаев және жақындарына қатысты банк құжаттарын беруді сұраған. 2023 жылы Швейцария соты Шолпан Боранбаеваға тиесілі шотты бұғаттап, Қазақстанға банк құжаттарын беру туралы шешім шығарған.

Сол жылы Боранбаев өзіне тағылған айыпты мойындап, тергеу органдарымен келісімге келген. Ол 6 жылға бас бостандығынан айырылып, мемлекетке активтерінің едәуір бөлігін беруге келіскен.

Осыдан кейін Қазақстан билігі Швейцарияға бірнеше хат жіберіп, аталған активтің заңсыз жолмен алынғаны туралы жеткілікті дәрежеде дәлелі жоғын айтып, шағымын қайтарған.

Биыл қаңтарда Швейцария соты есепшотты бұғаттау туралы шешімнің күшін жойған.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар