Тергеу органдары Мемлекет басшысының Қытайдан келгенін тосып отыр.
Тараптар мұндай тергеуді жалғыз орган емес, күштік құрылымдардың ортақ тергеу тобы жүргізген дұрыс деген ұйғарымда. Жалпы, Асқар Маминнің кезінде қабылдаған шешімдерге ревизия жасау оңай әрі қиын.
Оңайы - оның бәрін тауып алу, фигуранттарды отырғызу, тергеу жүргізу.
Қиыны - егер шешімдер қылмыстық деп танылса, онда Скляр-Лаврентьев бағыты арқылы жасалған утильалым жүйесін мүлде жабу керек. Ал бюджеттік кризис жағдайында отырған Үкімет қазір сол утильалымның қызығын өзі көріп отыр. Яғни, инфрақұрылымдық, транспорттық керек-жарағына сол утильалым қаржысын жұмсауда. Үкімет халық жинап беріп отырған осы шелпектен айрылып қалғысы келмейді.
Маминнің өзіне келсек, DALA INSIDE дереккөзі оның қызыл штамппен жүргенін айтады. Яғни, Қазақстан аумағынан шыға алмайды. Оны кез-келген уақытта тергеуге шақыртуы мүмкін.
Қазір Маминге қатысты ресми тергеу жүріп жатқан жоқ. Бірақ ол уақытша көрініс сияқты. Мамин тергеуде сөйлей бастаса, вице-премьер Роман Склярға да бірнеше сұрақ туындайтынын сезіп отырмыз.
Бұл ретте Роман Скляр мен кезінде Ұлттық экономика министрі болған Қуандық Бишимбаевтың тағдырларына болашақта параллель жүргізуге болады.
Утильалым жүйесі мүлде өзінің түпкі мақсатын орындамағанын Аудиторлардың жоғарғы палатасы да ескерткен еді. Тіпті масқара кереғар нәтиже тіркелген. Қазақстандағы автокөліктердің орташа жасы 22 жасқа дейін артып, ал жасы 10 жылдан асқан көліктер 2017 жылмен салыстырғанда 1,5 есеге өсіп кеткен. Экология мүлде жақсармаған.
Утильалымнан түскен қаржының 0,4 пайызы ғана экологияға, ал қалған 99,6%-ы, яғни 259 миллиард теңге Роман Скляр кураторлық ететін бағыт - көлік құрастыруға кеткен. Яғни, 259 миллиард теңге автоолигархтар Нұрлан Сымағұлов, Андрей Лаврентьевке құйылды десе болады.
Олардың утильге қандай қатысы бар екені - қазақ парадоксының шешілмеген жұмбақтарының бірі.
https://dalanews.kz/zheli/94078-bolashaq-stipendiiasynan-bas-tartu-neg