Қазақстан әуежайларында бомба туралы "әзіл" айтқаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылуы мүмкін екені ескертіле бастады, деп хабарлайды dalanews.kz.
Бас көлік прокуратурасының бастамасымен халықаралық әуежайлардағы отырғызу талондарының артқы жағына терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабар бергені үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылғаны және кейбір заттарды ұшақпен тасымалдауға тыйым салынатыны туралы ескерту орналастырылды.
Енді жолаушылар бомба туралы ойланбай айтылған "әзілдің" өзі қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғуы мүмкін екенін алдын ала біледі. Жаднамада кастет, атыс қаруы, оқ-дәрі және басқа да қауіпті заттарды тасымалдауға тыйым салынғаны көрсетілген.
Бұл тәжірибе Астана, Алматы, Түркістан және Қарағанды әуежайларында енгізілді. Алдағы уақытта мұндай ескертулерді елдің басқа әуежайларына да орналастыру жоспарланып отыр.