Болат Назарбаевтың бұрынғы активі мемлекет қазынасын қампайтуда

Мөлдір Қалымбет 15 нау. 2024 15:03 14647

Атышулы "Алтын Орда" базарынан түсетін салық түсімі артқан. Мұны Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев мәлім етті, деп жазады Dalanews.kz. 

Облыс әкімінің айтуынша, бертінге дейін бақылаусыз келген "Алтын Ордадағы" тәртіп түзелген. Құқық қорғау және салық органдары тиісті тексеру жүргізген.

"Базарда тіркелмеген, тиісінше салық төлемеген 200-ге жуық кәсіпкер анықталып, тізімге енді. Қазір базардан да, сол жерде жұмыс істейтін кәсіпкерлерден де салық ұсталады. Бюджетке түсетін салық өткен жылдармен салыстырғанда бір жарым есеге өсті", – деді Марат Сұлтанғазиев "Массагет" арнасына берген сұхбатында.

Облыс әкімі ақшасын төлесе де салынып жатқан павильоннан орын ала алмаған кәсіпкерлердің жанайқайынан да хабардар.

"Бұл жерде жеке кәсіпкер мен базар әкімшілігінің арасында келісім шарт жасалғанын түсіну керек. Олар павильондағы орынға ақша төлеген. 300 адам шағымданып, іс қозғалды. Кейін ұйымдастырушы қамауға алынды. Қазір базар әкімшілігі саудагерлердің шығынын есепке алып, қажетті орындарды қамтамасыз етуге, павильон құрылысын жеделдетуге күш салуда. Оған толық рұқсат берілген.

Қазір базардың иесі бір заңды тұлға болса, оны жалға берумен басқа тұлға айналысады. Ал жалға алушының үстінен қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүріп жатыр", – деді әкім.

Журналистің "Базарды Алматы қаласының қарамағына өткізу жоспарда бар ма?" деген сұрағына әкім:"Күн тәртібінде ондай мәселе жоқ" деп қысқа қайырды.

Айта кетейік, "Алтын Орда" – Алматы шекарасындағы алып базар. Бұл жерден 10 жылдан бері адам аяғы арылмай келеді. Бұған дейін базардағы баға мен монополияға қатысты шу жылы жабылғанымен, алып кешенге қатысты мәселелер Қаңтар оқиғасынан кейін ашық айтылып жүр.

2022 жылы сотта "Алтын Орданың" рейдерлік жолмен басып алынғаны белгілі болды.

Сот анықтағандай, 2012 жылы базардың үлесі экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың қайтыс болған інісі Болат Назарбаевтың атына жазылған. Кейін 95 пайызы «Компания Number One» ЖШС-не сатылған. Оның иесі Астанадағы экономикалық тергеу департаментінің бұрынғы басшысы Еркебұлан Хамзин болып шықты. Құжат бойынша 2 113 750 000 теңгеге мәміле жасалған. Үлестің тек 5 пайызы Данияр Әлпиевтің қолында болған.

Бұған дейін ол "Алаяқтық" бабы бойынша сотталды, енді сол бап бойынша үстінен тағы да қылмыстық іс қозғалып отыр.

Еске салайық, Болат Назарбаев – тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаевтың жоғары мемлекеттік қызметте төбе көрсетпеген сирек туысының бірі. Алайда ол Қазақстандағы ең бай адамдардың тізімінде болды. Қаңтар оқиғасынан кейін Назарбаевтар әулеті жоғарғы билікке ықпалынан айырылған соң Болат Назарбаев пен оның активтеріне байланысты дау шығып, кейбір істері сотқа дейін жетті. Соның бірі – базар дауы еді. Өкінішке қарай, шенеунік созылмалы дерттен 13 қарашада Алматының орталық ауруханасында қайтыс болды. Соған қарамастан марқұм Болат Назарбаевтың тірі күнінде істеген қылмыстарына қатысты арыздар әлі күнге дейін түсіп жатыр деседі. Бұл туралы жақында Мәжіліс кулуарында БАҚ өкілдерінің бірі Әділет министрі Азамат Есқараевтан марқұмның төңірегіндегі дауға алдағы уақытта кім жауап беретінін де сұраған болатын.

Журналистің "Болат Назарбаевтың қылмысына алдағы уақытта кім жауап береді?" деп қойған сұрағына министр "Бұл іс бойынша құқық қорғау органдарына жүгіне аласыз. Біз – азаматтық органбыз. Бұл сұрақ менің құзыретіме кірмейді", - деп қысқа жауап қайырған еді.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар