Павлодар облыс әкімі тоғызқұмалақшы Жанат Қаймолдинге, еркін күрес шебері Саятбек Оқасовқа, кикбокстан әлем чемпионы Нұрсұлтан Хасановқа Мәдениет және спорт министрлігінің алғыс хатын табыстады. «BI Group Ironman 70.3 Nur-Sultan» эстафетасының жеңімпаздары Василий Звонарев, Александр Колонда және Павел Гацкий де естелік сыйлықтармен марапатталды.
Болат Бақауов 2012 жылы Лондонда өткен Олимпиада ойындарының қатысушысы Дәулет Шабанбайды да құттықтады. Биыл Халықаралық Олимпиадалық комитеттің шешімімен жерлесіміз Олимпиаданың қола жүлдесін иелеген болатын.
– Баршаңызға қолдау көрсеткендеріңіз үшін алғыс білдіремін. Мен әлі қатардан шыққан жоқпын. Токио Олимпиадасына баруды жоспарлап отырмын, – деді Дәулет Шабанбай.
Өңірде бұқаралық спортты дамыту бойынша ауқымды жұмыстар жүргізіліп жатыр. Биыл «Спорт сити» спорт қалашығында жабық футбол манежының құрылысы аяқталды. Олимпиадалық стандарттарға толықтай сай келетін «Ертіс» бассейні ашылды.
– Келер жылы Токиодағы Олимпиада ойындарына көз тігеміз. Бүгінде 15 спортшымыз лицензия алу үшін «күресіп» жатыр. Оларға сәттілік тілеймін. Олардан тек қана жеңіс күтеміз, – деді Болат Бақауов.
Олимпиадалық спорт түрлерінің өкілдері де облыс әкімінің марапатына ие болды. Ольга Сафронова, Кирилл Казанцев және Александра Залюбовская секілді даңқты спортшыларымыз оқу-жаттығу жиындарында болғандықтан, кездесуге қатыса алмады.
Әкім өз сөзінде параолимпиадашы спортшылардың жетістіктеріне де тоқталды. Олардың қатарында Георгий Четвериковты ерекше атауға болады. Ол үстел теннисінен Қазақстан Республикасының халықаралық дәрежедегі спорт шебері, 2019 жылғы Бүкіләлемдік IWAS ойындарының күміс жүлдегері. Сондай-ақ садақ атудан Қазақстан Республикасының халықаралық дәрежедегі спорт шебері, параолимпиадашылар арасындағы 2019 жылғы Азия және Әлем чемпионаттарының қатысушысы Александр Медведевті де бөле-жара атап өткен абзал.