Болат Бақауов: "Қалмақ қырылған" шайқасы елеусіз қалмауы керек"

Dalanews 27 қар. 2019 12:32 1547

Торайғыров университетінде «Қалмақ қырылған тауларындағы археологиялық-этнографиялық зерттеулер» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.

Облыс әкімі Болат Бақауов конференцияға қатысушыларға сәттілік тілеп, осындай ғылыми іс-шаралардың қаншалықты маңызды екендігін ерекше атады.



- Қазақ даласы талай тарихи оқиғаларға куә болған киелі жермен бай, - деді Болат Бақауов. – 18-ғасыр – халқымыз бастан кешірген ауыр кезеңдердің бірі. Жоңғарларға қарсы Аңырақай, Бұланты шайқастарында ата-бабаларымыз ерлік танытты.

Сондай ірі шайқастардың бірі болған "Қалмақ қырылған" Ертіс өңірінде өткені баршаға белгілі.

Өңір басшысы өз сөзінде атап өткендей, осы секілді іс-шаралар өскелең ұрпақтың тәрбиесінде маңызды орын алады.

Болат Бақауовтың айтуынша, өткеннен сабақ алу арқылы жарқын болашаққа жол ашылады.


"Қалмақ қырылған" шайқасы туралы мәлімет көптеген жылдар бойы сыры ашыла қоймаған тарихымыздағы ақтаңдақтардың бірі болып келген.

Конференцияға қатысқан Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Дүние жүзі тарихы кафедрасының аға ғылыми қызметкері Ирина Ерофееваның айтуынша, тек 20-ғасырдың 80-жылдары ғана шығыстанушы Владимир Моисеевтің еңбегінің арқасында бұл тарихи оқиғаның алатын орны айшықталған болатын.

- Көптеген жылдар бойы кеңестік архивтерге қолымыз жетпейтін, - дейді Ирина Ерофеева. – Ал онда жұмыс істеген санаулы ғалымдар алған мәліметтеріне шектеу қойылды. Мәселен, кез келген саяси сипатқа ие ақпарат жойылатын. Тек 20-ғасырдың 80-жылдары ғана Владимир Моисеев қазақ-ойрат соғыстары туралы мәліметтерге қол жеткізе алды.



Торайғыров университетінің Е. Бекмаханов атындағы өлкенің тарихы мен мәдениетін зерттеу ғылыми орталығының директоры Амантай Құдабаевтың айтуынша, Май ауданы Ақшиман ауылы маңында қазақ-ойрат шайқасы өткен жерді «Қалмақ қырылған» емес, «Қалмаққырған» деп атаған дұрыс.

- Зерттеулер арқасында шайқастың уақыты мен орнын дәл анықтауға мүмкіндік алдық, - дейді Амантай Құдабаев. – Шайқас 1741 жылы наурыз-сәуір айларында орын алған. Ол жерді Қалмаққырған деп атаған дұрыс, яғни қазақтың қалмақты қырған жері. Бұл тарихи деректермен дәлелденген. «Қалмақ қырылған» десек, қалмақ өздігімен қырылып қалған сияқты болады.



Конференция кезінде қазақ-ойрат соғыстары мен жалпы Орталық Азия тарихына қатысты өзге де құнды баяндамалар тыңдалды. Сонымен бірге, Торайғыров университетінде көрермендер назарына осы тақырыпқа арналған археологиялық жәдігерлер, суреттер көрмесі, этнотұрмыстық инсталляция және өзге іс-шаралар өткізілді.

Дереккөз: pavlodarnews.kz

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар