Сарапшы маман Айбар Олжаев бір палаталы парламент немесе Құрылтай үлгісіндегі басқару жүйесі Қазақстан экономикасына жыл сайын шамамен 3 миллиард доллар қосымша пайда әкелуі мүмкін екенін мәлімдеді. Алайда оның айтуынша, бұл нәтиже автоматты түрде емес, бірқатар маңызды алғышарттар орындалған жағдайда ғана мүмкін болады, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Сарапшының пікірінше, бір палаталы парламент жүйесіне көшу аясында негізгі үш шарттың бірі бүгінде өздігінен қамтамасыз етіліп отыр.
«Бір палаталы парламент системасына көшетін елімізде үш алғышарттың бірі автоматты түрде қамтамасыз етілді. Ол - саяси және заңнамалық шешім қабылдауды жеделдету», - деді Айбар Олжаев.
Сонымен қатар, ол қалған екі мәселенің әлі де түбегейлі шешілуі қажет екенін атап өтті.
«Енді қалған екеуін - заңның сапалы болуын және кез келген құжат/бағдарламаның аяғына дейін дұрыс орындалуын реттеу керекпіз. Толық реформа осындай сәтте ғана анық ашылып, барлық жемісін үйіп-төгіп бере алады».
Заң қабылдау уақыты қысқарады
Айбар Олжаев екі палаталы парламент жүйесінде заң шығару процесі ұзаққа созылатынын еске салды.
Оның айтуынша, қазіргі модельде заң жобасы Мәжілістен өткен соң Сенат сүзгісінен қайта өтіп, кей жағдайда кері қайтарылады немесе қабылдау мерзімі айтарлықтай баяулайды.
«Ал бір палаталы модельде заң қабылдау циклі қысқарады. Бұл экономиканың белгілі бір секторларына тікелей әсер береді», - деді сарапшы.
Ол әсіресе инвесторлар үшін уақыт шешуші фактор екенін атап өтті.
«Инвесторлар үшін уақыт ең маңызды ресурс деп саналады. Егер мемлекет реформаларды тез бекітіп, нормативтік базаны жедел жаңарта алса, бизнес ортадағы “күту кезеңі” азаяды. Яғни инвестиция шешімі жылдам қабылданады, жобалар ертерек іске қосылады, өндіріс циклі қысқарады».
Қай салаларға серпін береді
Сарапшының айтуынша, заңдардың жедел қабылдануы ең алдымен құрылымдық реформалардың қарқынын арттыруы мүмкін.
«Қазақстан үшін бұл әсіресе салық саясаты, жер қойнауын пайдалану, мемлекеттік сатып алу, тарифтік реттеу, қаржы нарығын дамыту сияқты бағыттарда маңызды», - деді ол.
Айбар Олжаев құқықтық өзгерістердің уақтылы рәсімделуі экономиканың бейімделу жылдамдығына тікелей әсер ететінін атап өтті.
«Егер құқықтық өзгерістер 6–12 айға созылмай, 2–3 ай ішінде рәсімделсе, экономиканың бейімделу жылдамдығы өседі. Мысалы, жаңа инвестициялық режим енгізілсе немесе кәсіпкерлікті қорғауға қатысты заңдар күшейсе, бизнес сенімі тез артады».
Оның пікірінше, бұл ішкі инвестицияның да, сыртқы капитал ағынының да ұлғаюына жол ашады.
Жылдамдық пен сапа тепе-теңдігі
Сонымен бірге сарапшы заң қабылдауда жылдамдықтың сапамен қатар жүруі қажет екенін ескертті.
«Экономика үшін “тез заң” жақсы, бірақ “ойланбай қабылданған заң” қауіпті», - деді Айбар Олжаев.
Оның айтуынша, егер бір палаталы жүйеде талқылау мәдениеті әлсіреп, сараптамалық сүзгі қысқарса, нормативтік тұрақсыздық қаупі туындайды.
«Бизнес ең көп қорқатын нәрсе - ереженің жиі өзгеруі. Бүгін қабылданған заң ертең қайта түзетіле берсе, бұл инвестор үшін тәуекел».
Сарапшының пікірінше, экономикалық өсім тек заңның жылдам қабылдануымен емес, оның ұзақмерзімді тұрақтылығымен өлшенуі тиіс.
3 миллиард долларлық ықпал
Айбар Олжаев Құрылтай эффектісі экономикалық өсімге елеулі серпін беруі мүмкін екенін айтты.
«Құрылтай эффектісі ішкі жалпы өнімді 1 пайызға арттыруға дем бере алады. Ақшалай бұл жылына 1,5 трлн теңге немесе 3 миллиард доллар».
Ол халықаралық тәжірибеге сүйене отырып, институционалдық реформалардың экономикалық өсімге қосымша 0,5–1,5 пайыздық серпін бере алатынын атап өтті.
«Қазақстан сияқты экономика үшін бұл өте ірі көрсеткіш. Егер 2027 жылғы біздегі орташа өсім 4% деңгейінде болжанғанын ескерсек, тиімді реформа нәтижесінде 5% және одан жоғары өсу траекториясына шығуға мүмкіндік бар».
Алайда ол бұл кепілдендірілген сценарий емес екенін де баса айтты.
«Заң тез қабылданғанымен, оның орындалуы әлсіз болса дым нәтиже болмайды».
Мемлекеттік аппараттың жауапкершілігі
Сарапшы тағы бір маңызды факторға - мемлекеттік аппараттың жауапкершілігіне назар аударды.
«Бір палаталы жүйе шешімді тез қабылдатуы мүмкін, бірақ бақылау механизмі әлсіресе, экономикалық ресурстардың дұрыс бөлінбеу қаупі өседі».
Сондықтан мұндай модельде тәуелсіз аудит, қоғамдық бақылау және парламенттік тыңдаулар күшеюі тиіс екенін айтты.
«Әйтпесе жылдамдық инвестициялық сенімді арттырмай, керісінше саяси тәуекел ретінде қабылдануы мүмкін».
Екі сценарий
Айбар Олжаевтың айтуынша, бір палаталы парламент немесе Құрылтай үлгісіндегі жүйе Қазақстан экономикасына екі түрлі сценарий ұсынады.
Бірінші жағдайда заңдар жедел қабылданып, реформалар жылдам жүзеге асады, бизнеске болжамдылық беріледі, инвестиция көлемі артып, экономикалық өсім 5 пайыздан жоғары деңгейге жетуі мүмкін.
Ал екінші сценарий айтарлықтай қауіпті.
«Мұнда шешімдер асығыс, сапасыз қабылданып, заң жиі өзгеріп, институционалдық тұрақсыздық пайда болады. Мұндай жағдайда өсім емес, керісінше сенім дағдарысы күшеюі мүмкін».
Сарапшы сөзін түйіндей келе, мәселе жүйенің формасында емес, оның ішкі мәдениетінде екенін атап өтті.
«Мәселе бір палаталы жүйенің таза механикасында емес. Ол жүйенің ішкі мәдениеті - талқылау, сараптама, бақылау және жауапкершілік компоненттерінің қатар атқарылуына жатыр. Осы орындалса Құрылтай экономика үшін үдеткіш факторға, турбо моторға айналады».
