BMW X6, Toyota Tundra: микроқаржы ұйымдарын ұйымдастырушылардың қымбат мүліктеріне тыйым салынды

Сағыныш Сардарова 14 сәу. 2025 10:38 624

Заңсыз микроқаржы ұйымдарын ұйымдастырушылардың 32 млрд теңге көлеміндегі мүлкіне тыйым салынды, - деп хабарлайды Dalanews.kz.

Алматы қаласы бойынша Қаржылық мониторинг агенттігінің департаменті Creditum МҚҰ, Sofi Finance МҚҰ, Hava Finance МҚҰ, SF Offline МҚҰ, POS Credit МҚҰ, "Сәлем Кредит" МҚҰ басшыларына қатысты алаяқтық және заңсыз кәсіпкерлік қызмет деректері бойынша тергеуді жалғастырап жатыр.

Бұған дейін бұл МҚҰ-лардың заңсыз әрекеттерінің салдарынан 327 мыңнан аса азамат зардап шеккені, оларға келтірілген шығын көлемі 30 млрд теңге болғаны хабарланды.

"Төлемдері кешіктірілген қарыз алушылар Hava.kz, Koke.kz, Tengo.kz компаниялармен кепілдік шарттарын жасасуға мәжбүр болған. Бұл ретте кепілгердің жауапкершілігі тек қарыз алушы қайтыс болған жағдайда қарастырылған. Бұл қызмет үшін бастапқы несие сомасынан бірнеше есе асып түсетін төлем алынып, азаматтарды қарызға батырған. Нәтижесінде қарыз алушылар несие сомасынан 3-5 есе артық ақша төлеуге мәжбүр болған", - деп жазылған хабарламада.

Микроқаржы ұйымдарының есепшоттарындағы 1,8 млрд теңге көлеміндегі қаржыға тыйым салынды, сондай-ақ, 30 млрд теңге мөлшеріндегі несие портфеліне шектеу қойылды.

МҚҰ ұйымдастырушысы 2 айға қамауға алынды.

Жалпы құны 225 млн теңге көлемінде 2 тұрғын үй мен BMW X6, Toyota Tundra маркалы көліктеріне тыйым салынды. Тергеу жалғасып жатыр.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар