Блогер Айгүл Орынбек ұсталды деген ақпарат тарады

Сағыныш Сардарова 29 қаз. 2024 21:09 1357

Шымкентте блогер Айгүл Орынбек ұсталды деген ақпарат тарады. Бұл туралы журналист Михаил Козачков жазды, - деп хабарлайды Dalanews.kz.

Дерекке сүйенсек, қазір ол полицияда.

"Ол "Алаяқтық", "Сотқа дейінгі іс жүргізу деректерін жария ету" және "Сот төрелігін жүзеге асыруға кедергі жасау" баптары бойынша тіркелген қылмыстық іс шеңберінде күдікке ілінді", - деп жазылған деректе.

Айта кетейік, Айгүл Орынбек - заңгер, Ұлттық құрылтай мүшесі, Қазақстан президентінің жанындағы Ұлттық қоғамдық сенім кеңес мүшесі. Сонымен қатар, кәсіпкер ретінде де белгілі. Ол қоғамдағы даулы жайттарға үнемі пікір білдіріп келеді. 

Еске салайық, күні кеше ол Шымкент қаласының Спорт басқармасын сынап, Facebook әлеуметтік желісінде жазба жариялаған еді.

“Шымкент қаласы әкімдігі Спорт басқармасының басшысы Маратбек Мықтыбеков , 7 қазан күні мәслихат депутаттарының алдында “Ордабасы командасының легионерлеріне гонорарға”,  деп 1 миллиардттан астам қаражат сұраған.

Спорт басқармасының сатып алу порталында қыркүйек айында 893 млн. теңге қаражатқа бір көзден мемлекеттік сатып алу жарияланып, қорытынды шыққан.

Одан бөлек,  жыл соңына  екі ай қалғанда тағы 1 млрд. астам қаражат не мақсатта сұрап отырсыз Маратбек мырза?

Осындай соммалар бір көзден берілгені қаншалықты заңды? Жыл басында Ордабасыға бөлінген 5 млрд нелеріңе жетпей жатыр Шымкент қаласы әкімдігі? Оның барлығы қайда кетіп жатыр? Мәслихат депутаттары ақша сұраса неге бере бересіздер?”, - деп жазды заңгер.

Осы тұста ол ҚР Бас прокуратурасы  Президенттің тапсырмасын орындамайтын басшыларды тергеп тексеруді  сұрайтынын жеткізді.

“Министр Ербол Мырзабосынов! Сізді спорт саласын тазалауға келгеніңізді білемін. Біздің Шымкент қаласына көңіл бөлуіңізді сұраймын. Былтырдан бері дәл осы спорт басқармасы жыл бітуіне екі ай қалғанда үлкен соммаларды футболистерге бөлетіні өте күдік тудырады.

2023 жылы бітуіне 2 ай қалғанда 500 миллион теңге, биылғы жыл бітуіне 2 ай қалғанда бөлінген 1 миллиард қаражат тағдырын еліміздің Бас прокуратурасы мен Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитеті  тексеруін сұраймын!”, - деді ол.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар