Бізді негізі сыйламайды. Сыйламаған да. Біздің үніміз шыққан жерде олардың сыйластығы таусылады, анығында.
Сыйластық сақталуы үшін біз үнсіз жүруіміз керек. Жоқ, солай. Әуелден солай болған. Сонда да жаманбыз. Сонда да жақпаймыз ғой.
Сыйластық екіжақты болуы керек еді, негізінде. Соны да түсінбейді ғой. Елдегі бірлік пен бейбітшілік бізге ғана керек пе, әлде? Оның сақталуына біз ғана мүдделіміз бе? Сыйластыққа сызат түсірмеу біздің де, олардың міндеті емес пе еді?
Бізді неге сыйламайды білесіз бе? Сыйлата алмадық, себебі. Өз-өзімізді төмендеттік. Кішіреймейтін жерде, кішірейдік. Иілмейтін жерде иілдік. Талап ететін жерде талап етпедік. Айтатын жерде, аузымызды буып тастадық. Ақыры, түбімізге жеттік. Қазір кеш...
Үнсіздік қашанға дейін созылады? Сыпайылық қашанға дейін сақталады сонда?
Оғыз Доғанның дауы мынаны дәлелдеді: Үнсіздік үйдей бәледен құтқармайды екен. Үйдей бәлеге алып келеді екен, керісінше.
Қазақша сөйлеуді талап еткенімізді олар ақымашылық етіп көрсеткісі келеді. Сол мақсатына жетеді де. Оғыз Доғанның күйін кешкенбіз талай рет. Үндегенбіз. Үндемегенбіз. Бәрібір жеңе алмағанбыз. Қолды бір сілтегенбіз, талай рет...
Доған – түрік. Сіз – қазақсыз. Мәселе онда емес. Қазақ болсаңыз да, сіз дәл сол Доғанның күйін кешер едіңіз. Бәлкім, құтылып кетуіңіз де мүмкін еді әлгі жағдайдан. Үндемей...
Біз сыйлағанмен, олар сыйламайды. Соны түсініп келеміз. Түсінген сайын сыйыспасымызды сезіне түсінеміз олармен. Не істеу керек? Біздің үнсіздік мәңгілік емес қой?
Оғыз Доғанның дауы және даудан кейінгі пікірталастар мынаны дәлелдеді (бәлкім баяғыда дәлелденген шығар): біздер және олар екі бөлек дүниенің өкіліміз. Ешқашан бастары қосылмайтын. Ешқашан екі жарты бір бүтін болмайтын. Біз бөлекпіз. Бөтенбіз бір-бірімізге...
Доғанның дауы түк емес, негізінде. Ертеңгі күн бұдан өткен дау-дамайлар күтіп тұруы мүмкін біздерді. Сонда қайтеміз? Сонда қайтпекпіз? Қалай сыйысамыз? Қалай тіл табысамыз? Олар көрпені өз жағына тартқанда, біз тағы да үнсіз қаламыз ба?
Бізді сыйламайды. Сыйласа сөйтер ме еді? Бір жолы Руза Бейсенбай-тегі туралы жаздық. Керекуде тұрады. Бұл жақтың мемлекеттік тілді ұмытқан мәңгүрттерімен жалғыз өзі алысып жүр. Үнсіздікті бұзған бір кісі. Мына бір оқиғасы тым әсерлі. Рузаның өз аузымен айтайық.
«Вам что не понятно? Говорите на русском!»
Қыс. Аяз. Қаңтардың ортасы. Трамвайдамын. Іші тола жарнама. Бір бұрышына«С новым годом! С новым счастьем!» деп жазыпты. Орысшасы бар. Қазақшасы жоқ. Қайда? Неге жазбаған?
Жүргізушіге бардым. Орыстың әйелі екен. Жоян. Орыс болса не бопты? Орыс па, қазақ па барлық жерде қазақша сөйлейтін адаммын.
– «Жаңа жылдарыңызбен!» деп неге қазақша жазбағансыздар?
– Говорите на русском!
– Мен сізге мемлекеттік тілде сөйлеп тұрмын. Құттықтауды неге қазақша жазбағансыздар?
– Вам что не понятно? Говорите на русском! Ааа, это вы! Да, вас весь город знает. Да, вы всех достали со своим казахским языком. А ну-ка, пошла вон!!!
«Пошла воннан!» басталды бәрі. Боқтай жөнелді мені. Татьяна екен аты. Боқтағаны аз, төбелесуге дайын тұр. Құттықтауды неге қазақша жазбағанын сұрағаным және қазақша сөйлегенім үшін ғана...
Алдым да трамвайдың алдына тұрып алдым. Күллі ел қарап тұр. Күліп тұр кейбіреуі. Сол жерде трамвай басқармасына звондадым. «Біріншіден, мына жүргізушіні ауыстырыңдар, екіншіден, құттықтауды қазақша жазыңдар!» дедім мен.
Татьяна түтігіп кетіпті. Трамвайды іске қосып, алға жылжи бастады. Таптағысы келеді, білем. Жылжытып, жылжытып трамвайды менің дәл тұмсығыма тіреді. Тапжылғам жоқ. Тұрдым. «Қорқады» деп ойласа керек. Тапқан екен...
Трамвай тоқтап тұр. Іші тола адам. Артында тағы 4-5 трамвай тоқтап қалған. Амалы таусылған Татьяна мені іштегі жұртқа жамандай бастады. Қазақтар бар екен.
«Да что это такое! До каких пор можно терпеть! У нас в стране за казахский язык уже матами кроят» деді бір-екі әйел. Жабылғандар, жамандағандар әлдеқайда көп болды, бірақ. Әлгі бір-екі қазақ болмаса Татьяна тектес шовинистер шашымды жұлар еді сол арада.
Арғы жақтан трамвай басқармасы шыр-пыр болып жатыр. Полиция келді. Орыстар арыз жазуға шебер ғой. Мені алып кетті. «Мұныңыз хулигандық, сізді соттаймыз» деді. Колесников деген орыс бар екен. Мені танитын сияқты. «Она уже достала всех своим казахским языком» дегенін анық естідім. Полиция менің трамвайдың алдына не үшін тұрып алғанымды тексергісі де келген жоқ.
Иә, солай...
Айттық қой, Доғанның дауы түк емес деп. Доғанның дауы олардың бізді сыйламайтынын кезекті рет дәлелдеді. Ал алыстағы Керекуде Руза Бейсенбай-тегі мыңмен жалғыз алысып жүр. Ол мұндай оқиғалармен күнбе-күн бетпе-бет келеді. Ол үнсіз қалғанды қаламайды. Ол үндемей өткісі келмейді.
Осылай ойлайтындар көбейіп жатыр. Көбейе түседі. Сонда қайтеміз? Біз қайтеміз? Олар қайтеді?
Айттық қой, біздің үніміз шыққан жерде олардың сыйластығы таусылады деп...
Думан БЫҚАЙ