"Бізді алдаған" - депутат Базарбек атышулы жер теліміне қатысты миллиардтық былықты ашты

Сағыныш Сардарова 16 мам. 2025 11:24 464

Астанадағы "Керуен" сауда орталығы маңындағы даулы жер телімі қайтадан дауға ілікті. Қалалық мәслихаттың кезектен тыс өткен сессиясында депутаттар мемлекеттік қажеттілікке алынған жер үшін төленетін өтемақы мәселесін көтеріп, жағдайдың жай-жапсарына үңілді. Осы жер телімі бұрын 176 миллион теңгеге сатылса, енді әкімдік оны 1 миллиард 80 миллион теңгеге, яғни он есе қымбат бағаға қайта сатып алмақ. Жердің бағасы осынша еселеп көтерілуі депутаттардың наразылығын туғызды, деп хабарлайды Dalanews.kz Orda.kz-ке сілтеп.

Бұл жер теліміне қатысты даулы мәселелер бұрыннан жалғасып келе жатқанын еске салған Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек мұнда күдікті тұстар көп екенін айтты.

"Бұл жерді республикалық JER AMANATY жер комиссиясының күшімен мемлекет меншігіне қайтарған едік. Астана қалалық жер ресурстарын басқару департаменті 2022 жылдың 15 қыркүйегінде сот арқылы жерді әкімдікке алып берді. Одан кейін ол жер мемлекеттік қорға қосылып, "Қалалық жайлы орта басқармасының" балансына өтуге тиіс болатын. Әрі қарай бұл жерде саябақ немесе сквер салынуы керек еді", – дейді депутат.

Базарбек ең алдымен жер телімін кімдердің және қалай аукционға шығарғанын анықтау қажет екенін айтады.

"Басты сұрақ: осы жерді кім аукционға қойды? Қандай мемлекеттік орган, қандай лауазымды тұлға жауапты болды? Неге олар жауапқа тартылмайды? Бұл жерді сатуға мүлде болмайтын еді, ол аукционның өзі заңсыз", – дейді депутат.

Сонымен қатар, оның сөзінше, жердің құнын бағалауда да күмәнді жайттар бар.

"Бағалаудың әдістемесі қандай болды? Бұл жердің құны неге соншалық төмендетілді: 176 млн теңге? Мүмкін бағалаушылардың астыртын әрекеті болған шығар, жердің құнын әдейі арзандатып, қаланың қақ ортасындағы құнды жерді тезірек қалталы азаматтарға өткізіп жібергісі келген болар. Мұнда құқық қорғау органдары мұқият тексеріс жүргізуі керек. Аукционның заңдылығын, бағалаудың дұрыстығын түбегейлі тексеру қажет. Бұл істің бәрі күмәнді", – дейді Базарбек.

Мәжілісмен енді бұл мәселеге тікелей араласып, Мәслихат депутаттарының талабын қолдап отыр. Ол Бас прокуратураға қылмыстық іс қозғау туралы өтініш әзірлеп жатқанын жеткізді.

"Мемлекетке үлкен шығын келді. Егер 2023-2024 жылдары бұл жер кем дегенде 800 миллион теңге тұруға тиіс болса, ал оны 176 миллионға сатса, бағалау актісіне қол қойған адамдар қылмыстық жауапкершілікке тартылуға тиіс. ...Біз бұл жерді мемлекетке қайтарып берген едік, бірақ бізді айналып өтіп, алдап соқты", – деп күйінді депутат.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар