Алматылық «Қайрат» футбол клубының бас бапкері Рафаэль Уразбахтин соңғы матчтардан кейін қақпашыларға берілген қымбат сыйлықтарға қатысты өз пікірін білдірді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Оның айтуынша, футбол — командалық ойын, сондықтан қолдау да бүкіл клубқа бағытталуы керек.
«Менің ойымша, көмектескісі келетіндер клубқа көмектесуі қажет. Немесе сыйлық беретін болса, барлық ойыншыға бірдей беру керек. Мысалы, клубқа автобус немесе шағын автобус алып беруге болады. Командалық тұрғыдан алғанда бір адамға ғана көңіл бөлу дұрыс емес деп ойлаймын», — деді Уразбахтин баспасөз мәслихатында.
Бас бапкердің айтуынша, футбол – бірлікті талап ететін спорт түрі, сондықтан тек бір ойыншыны марапаттау команданың рухына кері әсер етуі мүмкін.
«Біз бизнесмендерге сыйлық жасауға тыйым сала алмаймыз, бірақ мұндай жағдайда барша ойыншыны қолдау – ең дұрыс шешім», — деп түйіндеді Уразбахтин.
Айта кетейік, «Қайраттың» Лига чемпиондарындағы жарқын жеңістерінен кейін жанкүйерлер мен демеушілер қақпашыларға ерекше назар аударған болатын: 18 жастағы Шерхан Қалмырзаға және «Селтикке» қарсы ойында үш пенальтиді қайтарған қақпашы Темірлан Анарбековке жаңа көлік сыйға тартылды.