Биыл Қазақстанда қай айда той көп болды?

Биыл Қазақстанда қай айда той көп болды?
Фото: aqmeshit-zhastary.kz

Қазақстанда жыл басынан бері 74 мыңнан аса жұп шаңырақ көтерді, деп хабарлайды dalanews.kz.

"Азаматтарға арналған үкімет" мәліметінше, 2026 жылғы қаңтар-тамыз айларында Қазақстанда 74 648 неке ресми түрде тіркелген. Оның жартысынан астамы жаз айларына тиесілі.

Неке қиюға деген белсенділік жаз мезгілінде артып, дәл осы кезеңде көптеген жұп отбасын құру туралы шешімін ресми түрде бекіткен.

"АХАТ функциялары 2023 жылғы 1 шілдеден бастап Мемлекеттік корпорацияға берілді. Содан бері біздің қызметкерлер шамамен 400 мың некені тіркеп, 1 миллионнан аса туу туралы куәлік берді",- деді "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы КЕАҚ басқарма төрағасы Арман Кенжеғалиев.

Еліміздің барлық өңірінде шаңырақ көтеріп, жаңа отбасы құруға деген ұмтылыс жоғары. Дегенмен неке қию көрсеткіші бойынша ірі қалалар мен халық тығыз орналасқан өңірлер алдыңғы қатарда. Ең жоғары көрсеткіш Алматы қаласында тіркеліп, мұнда 12 344 неке қиылған. Екінші орында Астана қаласы тұр, онда 9 074 жұп өз қарым-қатынасын ресми түрде рәсімдеген. Ал үшінші орында 5 611 неке қиылған Түркістан облысы тұр.

Биыл маусым айы неке қию көрсеткіші бойынша көш бастады. Осы кезеңде 15 мыңнан аса жұп өз қарым-қатынасын ресми түрде рәсімдеді. Тамызда 11 761 жұп шаңырақ көтерсе, шілдеде бұл көрсеткіш 11 674 болды. Жалпы, жаз айларында елімізде 38 мыңнан аса жұп отбасын құрды. Бұл - 2026 жылғы сегіз айда қиылған некелердің жалпы санының жартысынан астамы.