Бішкек пен Астана стадиондарының құны: журналист үлкен айырмашылыққа назар аударды

Бішкек пен Астана стадиондарының құны: журналист үлкен айырмашылыққа назар аударды
Фото: КФС, 24.kg, sports.kz

Спорт журналисі Аслан Қаженов Бішкекте жаңадан пайдалануға берілген стадион мен Астанадағы Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы стадионның құрылысына кеткен қаржыны салыстырып, елордадағы спорт нысанына қатысты сын айтты, деп хабарлайды dalanews.kz.

Бішкекте Орталық Азиядағы ең үлкен стадиондардың бірі пайдалануға берілді. Оның құрылысына 60 миллион доллар жұмсалып, нысан 51 мың көрерменге лайықталған. Стадион үш жылда салынып біткен.

Аслан Қаженов осы көрсеткіштерді Астанадағы Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы стадионмен салыстырған. Оның мәліметінше, елордадағы нысан да биыл пайдалануға берілген. Құрылысына 37 миллион доллар жұмсалғанымен, стадион небәрі 3 600 көрерменге арналған.

Журналист екі нысанның құны мен сыйымдылығы арасындағы айырмашылыққа назар аударып, Қазақстандағы стадион құрылысына жұмсалған қаржыға қатысты мәселені көтерді.

"Енді салыстырып көріңіз. Қырғыздар 60 млн-ға 51 мыңдық стадион салса, қазақтар 37 млн-ға кемі 30 мың орындық стадион салу керек қой. По-факту біздегісі 10 есе кіші болып тұр. Қалай сонда? Ешқандай есепке келмейтін есеп. Ешқандай логикаға келмейтін шешім. Ақша қайда? Алаң қайда? Кім жауап береді?", - деп жазды Аслан Қаженов.