«Сарыөзек – Көктал» автожолында екі Chevrolet Cobalt көлігінің соқтығысуынан алты адам қаза тауып, бір адам жарақат алды, деп хабарлайды dalanews.kz.
Жол-көлік оқиғасы жолдың 110-шақырымында болған. Алдын ала мәлімет бойынша, көліктердің бірінің жүргізушісі қарсы қозғалыс жолағына шығып, қарсы бағытта келе жатқан Chevrolet Cobalt-пен соқтығысқан.
Апат салдарынан алты адам оқиға орнында көз жұмды. Тағы бір адам әртүрлі дене жарақаттарымен медициналық мекемеге жеткізілді.
Оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта жол-көлік оқиғасының барлық мән-жайын анықтауға бағытталған сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр.
Полиция қаза болғандардың туған-туыстары мен жақындарына көңіл айтты.
Құқық қорғау органдары жүргізушілерді жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға, белгіленген жылдамдық режимінен аспауға және жолдағы қауіпсіздік талаптарын орындауға шақырды.