Жетісу облысындағы Қытаймен шекарада орналасқан Достық станциясының теміржол вокзалы қайта жаңартылып, пайдалануға берілді, деп хабарлайды dalanews.kz.
1961 жылы салынған вокзалдың ғимараты қайта жаңғыртылып, шатыры мен инженерлік желілері жаңартылды. Нысанның ішкі және сыртқы әрлеу жұмыстары жүргізіліп, перрон қайта жөнделді, сондай-ақ вокзал маңы абаттандырылды.
Достық станциясындағы орташа тәуліктік жолаушылар ағыны 158 адамды құрайды. Станция арқылы Алматы, Ақтоғай, Балқаш, Қарағанды және Астана бағыттарында қатынайтын 14 жолаушылар пойызы өтеді.
Жаңғырту жұмыстары Мемлекет басшысының тапсырмасымен еліміздің теміржол вокзалдарын жаңғырту бағдарламасы аясында жүргізілді.
Жоба «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ-ның өз қаражаты есебінен, Үкіметтің, Көлік министрлігінің, «Самұрық-Қазына» АҚ мен Жетісу облысы әкімдігінің қолдауымен жүзеге асырылды.
Қайта жаңартылған вокзал жолаушылардың қауіпсіздігі мен жайлылығына қойылатын заманауи талаптарға сәйкес жабдықталған.