Прокурорлар жүргізген тексеріс нәтижесінде Астана, Алматы, Шымкент қалаларында, Алматы және Түркістан облыстарында бала тәрбиесіне жауапты мамандар арасында жүктеме шамадан тыс көп екені анықталған, деп хабарлайды Dalanews.kz.
"Тексеру бүгінде бір қызметкерге түсетін жүктеме 17 мың балаға жететінін, ал Астана, Алматы, Шымкент қалаларында, Алматы және Түркістан облыстарында 30-дан 100 мыңға дейін жететінін көрсетті. Әлемдік стандарттарға сәйкес 1 қызметкерге жүктеме нормасы 5 мың баладан, ал ең прогрессивті елдерде 1 мыңнан аспауы керек", — делінген прокуратура таратқан хабарламада.
Прокуратураның мәліметінше, саладағы қызметкерлердің мойнына шамадан тыс жүктеме ілінгендіктен, олар кәмелетке толмағандарды тәрбиелеу және бағу жағдайларын бақылап үлгермейді. Кесірінен, балаларға қатысты зорлық-зомбылық жағдайлары көбінесе кеш анықталады.
"Жыл басынан бері асырап алынған балаларды ұрып-соғу және азаптау фактілері Шымкент қаласында, Ұлытау және Ақмола облыстарында тіркелген. Мәселен, Ақмола облысында сәуір айында патронат тәрбиешінің 5 баланы ұрып-соғу фактілері анықталған. Тергеп-тексеру барысында үш жылдан астам уақыт бұрын бір баланы өлтіру фактісі анықталған. Ұлытау облысында балаларды фермада жұмыс істеуге мәжбүр еткен асырап алған ана 4 жылға бас бостандығынан айырылды", — деп хабарлады прокуратурадан.
Осы тұрғыда Бас прокуратура Бала құқықтары жөніндегі уәкілдің қорғаншылық және қамқоршылық органдары қызметкерлерінің санының нормативтік заңнамалық тұрғыдан бекітуге қатысты бастамасын қолдайды. Сонымен қатар Министрлік прокуратураның педагог-психологтардың қызметін күшейту қажеттілігіне қатысты ұсыныстарын қолдады.
Атап айтқанда, педагог-психологтардың саны бойынша норматив заңнамалық тұрғыдан қайта қаралуда, мұнда 1 маманға жүктеме 500 оқушыдан аспауы тиіс. Жалпы, Жол картасы Министрліктің басқа да бағыттары бойынша жұмыстарының тиімділігін арттырады деп күтіліп отыр.
Жыл соңына дейін девиантты мінез-құлқы бар балалардың «жағымды ортаға» бейімдеу бойынша жобаны іске асыру (беделді тәлімгерлерді бекіту, кадет сыныптарына және «Жас сарбаз» әскери-патриоттық қозғалыс клубтарына, Ұлттық ұланның «Жас бүркіт» және т. б. орналастыру), ішкі істер органдарының есебінде тұрған кәмелетке толмағандарды қосымша біліммен және т. б. қамту мақсатында оларға тексеру жүргізу жоспарланған. Тексеру нәтижелері бойынша бұзушылықтарға жол берген кінәлі лауазымды тұлғалар, оның ішінде Министрліктің бөлімше басшылары тәртіптік жауапкершілікке тартылды.