"Біреуін мүгедек қылған". Қарағандыда асырап алған жетім балаларды қорлаған отбасы сотталып жатыр

Сағыныш Сардарова 25 сәу. 2025 09:52 365

Қарағандыда асырап алған жетім балаларды қорлаған отбасы сотталып жатыр, - деп хабарлайды Dalanews.kz.

"КТК" арнасы мәліметінше, Қарағандыда жетімдер үйінен 6 бала асырап алып, "қызын күң, ұлын құл қылған" отбасы сотқа тартылып жатыр. Тергеу мәліметінше, асыранды балалар ата-ана мейірімінің орнына қорлық көрген.

"Тамақ бермей, үнемі ұрып-соғып, ақыры біреуін мүгедек қылған. Отбасының үш мүшесіне қатысты азаптау бабы бойынша айып тағылды", - деп жазылған мәліметте.

Қарқаралы ауданына қарасты ауылдардың бірінде бұл отбасы 2018 жылы отбасы типіндегі балалар үйін ашқан. Патранат тәрбиеге балалар үйінен алты жеткіншекті алады.

"Оларды бірден малға салып, қора‑қопсысын қаратып, қара жұмысқа жеккен. Қит етсе, көкала қойдай етіп сабап, нәр татырмай қояды екен. Прокурор балалардың ботқасына "малдың тезегін қосып берген" деген деректерді жеткізді. Тіпті олар далада, иттің үйшігінде түнеген кезі де болған. Сарапшылар үнемі таяқ жеп келген балалардың денесінен 19-дан 47-ге дейін тыртық анықтаған. Ең кішісінің тіпті басын жарып тастапты.

Ауданның қорғаныш бөлімі қайда қарағаны түсініксіз. Ал алты баланың тәрбиесіне ай сайын төленетін 300 мың теңгені қысылмай алып келген. Қазір үш бала туған әжесінің қарауына берілген. Қалған үшеуі балалар үйіне қайтарылып, құлдықтан құтылды", - деп жазылған арна дерегінде.

"Балаларға күнде қол жұмсап отырған. Түкке тұрмайтын қылығына бола қамшымен сабап, көсеумен оңдырмай ұрып келген. Соның салдарынан балалардың басы, беті, қол-аяғы толған тыртық. Дұрыс тамақтанбағандықтан, қатарластарына сай дамып өспеген", - деді прокурор Әділ Садықов.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар