«Бір салада жүріп, бір-біріңізді танымайсыздар!». Әкім шенділерді сынап тастады

Dalanews 10 мам. 2023 05:14 953

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды өңірдегі өзекті мәселелері бар газ нысандарын жаппай тексеруді тапсырды. Жіберілген олқылықтарды шұғыл түрде талапқа сай ретке келтіріп, бір айдың көлемінде халыққа газ беруді жүктеді, – деп хабарлайды Dalanews.kz Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Өңір басшысына облыстағы проблемалы 10 автоматтандырылған газ тарату стансаларының бүгінгі жағдайы баяндалды. Олардың бірінің құжаты толық аяқталмаса, енді бірінде жөндеуден кейін ақау шыққан, тағы бірін қайта жаңарту қажет. Олардың басым бөлігі Сарыағаш пен Келес аудандарында орналасқан.

Әртүрлі себептермен жылдар бойы іске қосылмай тұрған маңызды нысандардың жай-күйімен танысқан аймақ басшысы осы уақытқа дейін олардың құжаты мен құрылысын созбалаңға салған жауаптыларға сын-ескертпе айтып, мәселені мұқият қарастыруды міндеттеді.

Атқамінерлердің сылбыр қимылын сынға алған әкім жауаптыларға мәселені шешуге бір ай уақыт берді.

– Қағазбастылықтан арылу керек. Бір салада жүріп, бір-біріңізді танымайсыздар. Тұрғындар газсыз отырғанда, сіздер сылтау айтып отырсыздар. Жауапкершілік деген болу керек қой. Қалайша бейқам жүре бересіздер? Сөзбен емес, нақты іспен нәтиже көрсетіңіздер. Шұғыл түрде қараусыз қалған нысандарды ретке келтіріп, халыққа газ беріңіздер, – деді облыс әкімі Дархан Сатыбалды.


Әр нысан іске қосылғанда кемі 7 ауыл тұрғыны табиғи газбен қамтылады. Облыс басшысы жауапты сала жетекшілеріне аталған мәлелені қатаң бақылауға алуды тапсырды.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар