«2012 жылдың шілде айында алты адамға, оның бірі Гүлнәр Каримоваға қатысты қылмыстық іс қозғалды. Олар көлеңкелі ақшаның ізін жасырмақ болды деп айыпталады. Швейцария прокуратурасы әзірге 800 млн франкті (шамамен 784 млн АҚШ доллары) бұғаттап отыр. Бұл іс 19 елдің құқықтық көмегімен жүзеге асырылды», – делінген Швейцарияның федералды прокуратурасы таратқан мәлімдемеде.
«Берн декларациясы» тәуелсіз ұйымының сарапшысы Оливье Лонгшан Гүлнәр Каримованың ісі халықаралық құқықтануда ең былыққа батқан іс екенін айтады.
"Негізінде бұғатталған ақша мен байлықтың жалпы сомасы 1 млрд доллар. Екіншіден, бұл істі 19 елдің заңгерлері қарап жатыр. Бұл мәселеде аталған елдердің заң өкілдері арасында кикілжіңнің туындауы заңды," – дейді Оливье Лонгшан.
Сол себептен Швейцария прокуратурасы тезірек істі сотқа беруге мүдделі дейді сарапшы Лонгшан.
Le Temps газетінің 19 қазанында жарық көрген мақаласында бұғатталған ақшаға негізінен Өзбекстан, АҚШ және Голландия таласып отырғаны айтылған. Ресми Ташкент өзбек ақшасын елге қайтаруды талап етеді. АҚШ болса, қаржы жымқыру америка банктері арқылы жүзеге асқан дейді. Ал Голландия болса, пара берген өз елінің компаниясы, бұл голландықтардың ақшасы деп есептейді.
https://dalanews.kz/13589