Жасұлан Бисембиев Атырау облысы әкімінің орынбасары қызметінен кеткенін мәлімдеді, деп хабарлайды dalanews.kz.
Ол бұл туралы әлеуметтік желідегі парақшасында жазып, туған өңірінің дамуын алдағы уақытта да назардан тыс қалдырмайтынын атап өтті.
«Маған туған өлкем – Атырау облысына қызмет ету үлкен мәртебе, маңызды өмір мектебі және зор жауапкершілік болды», – деп жазды Жасұлан Бисембиев.
Сондай-ақ ол әріптестеріне, қала және аудан әкімдіктеріне, мемлекеттік мекемелер қызметкерлеріне, қоғамдық белсенділер мен өңір тұрғындарына бірлескен жұмыс, қолдау және сенім үшін алғыс айтты. Жасұлан Бисембиев Атырау облысы әкімінің орынбасары қызметіне 2022 жылдың тамыз айында тағайындалған болатын. Бұл қызметте ол әлеуметтік сала, экономика, бюджет және басқа да бағыттарға жетекшілік етті.
Оған дейін облыстық Ішкі саясат басқармасын, Жастар саясаты мәселелері басқармасын басқарған. Сондай-ақ Атырау қалалық Жастар ресурстық орталығының директоры қызметін атқарған. Еңбек жолын 2008 жылы «Жасыл ел» жастар еңбек жасағының Атырау филиалында бастаған. Әр жылдары «Тарлан-Атырау» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, «Атырау Ақпарат» мекемесі басшысының көмекшісі, жекеменшік компания менеджері және Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы басқарма төрағасының орынбасары болып жұмыс істеген.
Жасұлан Бисембиев Атырау политехникалық колледжін «Бухгалтерлік есеп және аудит» мамандығы бойынша, Халел Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетін «Қаржы» мамандығы бойынша тәмамдаған. Сонымен қатар Ресейдегі Астрахань мемлекеттік университетінде әлеуметтану магистрі дәрежесін алған.