Сондықтан донор туралы бұл жолғы әңгіменің жүгі ауыр. Донор дегеніміз кім? Донорлық. Осы түсінікке ел, оның ішінде қазақтілді қауым әлі де болса үрке қарайтыны рас па? Мұның себебі неде? Бәлкім, ақпараттық насихат жұмыстарының аздығы шығар? Елімізде жүрек, бауыр, өкпе ауыстыруда қанша адам кезекте тұр? Ұлттық ғылыми хирургия орталығына осы және өзге сауалдарға жауап алу үшін арнайы бардық.
– Негізінде науқастар біздің орталыққа екі жағдайда жеткізіледі. Мұның біріншісі ми жарақатын алғандар. Яғни, биіктен құлаған, басынан қатты соққы алған болмаса көлік апатына ұшыраған жандар. Екіншісі ми инсультын алған науқастар. Мұның өзі гемаррагиялық және ишемиялық инсульт деп екіге бөлінеді. Мұндай жағдайға ұшырағандарды тағы екі жікке бөлеміз. Бір топ ауруханаға есін біліп, ал енді бірі ақыл есінен танып түседі. Медицинада мұны терең ұйқы немесе кома деп атайтынын білетін боларсыз, – деді бізге аталған орталықтың кардиохирург дәрігері Арман Туғамбаев.
Терең ұйқы туралы не білеміз?
[caption id="attachment_8218" align="alignright" width="293"] Арман ТУҒАМБАЕВ: Елімізде 3000-ға тарта адам бүйрек, 1000-нан аса адам бауыр транплантациясына мұхтаж. [/caption]
Арман Туғамбаевтың айтуынша орталық донорлықты осы терең ұйқының жағдайында ғана қарастырады. «Ал көпшілік бұл терминнің қандай мағына беретінін және қанша түрге бөлінетінін үстірт естіген. Әрі қаншалықты қауіпті екенін түсіне бермейді», – дейді маман. Негізінде терең ұйқының өзі дәрежесіне қарай үшке бөлінеді екен. Мұның бастапқы екеуіне түскендерді аман алып қалуға болады. Үшінші дәрежелі кома – ажал. Мұндайға ұшыраған жанның өмірін сақтап қалу мүмкін емес және бүгінгі дейін медицина тарихында мұншалықты терең ұйқыдан оянған жағдай тіркелмепті.
Ең ауыры... естірту
«Туысқаныңыз үшінші дәрежелі комада жатыр. Біз қолдан келгеннің бәрін істедік. Бірақ, ендігі жерде бұл кісіні құтқарып қалу мүмкін емес. Жүрегі мен өкпесі арнайы аппараттың, дәрі-дәрмектің арқасында ғана жұмыс істеп тұр...». Осындағы жан сақтау бөлімінде істейтін мамандардың айтуынша 3-ші дәрежелі терең ұйқыға кеткендердің қайтіп ояну мүмкін емесін естірту ең ауыр іс. «Мұндай адамның миы өлген деп саналады. Ал мидың өлуі биологиялық өліммен тең. Бірақ көп жағдайда жақыны ауыр жағдайда тап болған азаматтар мәселенің мән-жайын түсіне бермейді. Сенбестік танытып, орынсыз күдіктенеді. Бірақ, оларды да кінәлауға болмас. Сондықтан мұндай жағдайды хабарлау үшін жүйкенің шыдамды болғаны маңызды», – дейді дәрігерлер. Білгеніміздей, 3-ші дәрежелі терең ұйқыға кеткен адамның ендігі жерде бұл дүниелік емес екенін нақты анықтайтын құралдар бар. Соның бірі клиникалық тест. Тестілеуден өткен адамның «кома 3 -ке» ұшырағанын анықтағаннан кейін орталық науқасты донор ретінде қарастырады. Бірақ, нағыз қиындықтар да осы жерден басталады екен.
Айтайын дегенім
«Өкпесі демалады, жүрегі жұмыс істеп тұр. Бұдан артық не керек?». «Көршім он күн жатып оянып кетті ғой!». «Сендердің қолдарыңнан іс келмейді, туысқанымды Қытайға алып кетемін. Ол жақтағылар оны бір айдың ішінде комадан шығарамыз деді». Арман Туғамбаев жұмыс барысында орталық мамандары осындай айыптауларды жиі еститінін жасырған жоқ. Бірақ, бұлай дейтіндердің көпшілігі қателескенін кейін біліп жатады екен. «Ешкімді айыптағым жоқ, алайда донорлыққа келгенде орыстілді ортаға қарағанда, қазақтілді қауымға мәселенің қаншалықты маңызды әрі өзекті екенін түсіндіру өте қиын. Ауыр. Өз басым осы күнге дейін орыс ұлтының арасынан «орган бермейміз» дегенді естімедім. Ал қазақтарға келгенде мұның арты айғай-шумен аяқталып жатады. Бұл арада мәселе діни көзқараста емес, ақыл айтатын адамдардың көптігінде жатыр. 3-ші дәрежелі терең ұйқыға кеткен науқастың артында жиырма адам жүреді. Біз олардың барлығымен сөйлесуге тиісті емеспіз. Тек, баласы болса әкесімен, күйеуі болса әйелімен сөйлесуға міндеттіміз. Донорлыққа қатысты әйелі немесе баласына мәселенің мән- жайын түсіндірген кезде айдаладағы ағайыны келіп әлгі адамды ойынан айнытып жібереді. Донордың бір емес, төрт адамға өмір сыйлауы мүмкін екенін ескере бермейді. Көпшіліктің донорлық, оның маңыздылығы туралы білетіні әлі де аз», – дейді ол.
Дін және донорлық
Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургия орталығы бұған үлкен дайындықпен келіпті. Донорлықтың шариғат жолымен шешілуін мақсат тұтқан орталық Қазақстан Мұсылмандары Діни басқармасының (ҚМДБ) көмегіне жүгінеді. Бұл мәселенің ақ-қарасы нақты анықталғасын ҚМДБ: «егер қайтыс болған науқас шын мәнінде біреуге көмектесе алатын және миының өлгені нақты дәлелденіп әрі бұл орган саудаға түспейтін болса, оның мүшелерін басқа адамға ауыстырып салуға рұқсат беріледі » деген пәтуа шығарады. Айта кетелік, бұған Қазақстан ғана емес, көпшілік мұсылман мемлекеттерінде шариғат жолымен рұқсат етілген. Қазір әр жұма намазы сайын осы пәтуа оқытылып, үгіт-насихат жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Күту парағы
Жүректің, бауырдың созылмалы жетіспеушілігінен әбден қажыған азаматтар Сызғанов атындағы Ұлттық хирургиялық орталыққа келіп күту парағына тіркеледі. Біздің бұлай деуіміз тегін емес. «Себебі трансплантацияға келіскендердің дені аурудан шаршаған азаматтар», – дейді мұндағы мамандар. Дегенмен, донор аз. Ал кезек күтіп тұрғандар көп. Елімізде 3000-ға тарта адам бүйрек, 1000-нан аса адам бауыр транплантациясына мұхтаж. Бұдан сырт, жылына 500 –ге жуық жүрек ауыстыру операциясын жасау қажет. Алайда адамдардың көпшілігі елімізде мұндай күрделі операциялар жасалатынын біле бермейді екен. «Біздің күту парағымызда жаңа бауырға мұхтаж 50 адам кезекте тұр. Сонда қалған 950-і қайда жүр, қандай ем алып жатыр? Біз мұны білмейміз. Жүрек ауыстыру бойынша ұлттық хиругия орталығында 10 адам кезекте. Ал өзгесі қайда? Дәрігерлер оларды бізге неге жібермейді? Бұлардың арасында өзінің жүрегін, бауырын ауыстыру қажет екендігін білмейтіндер де бар болуы мүмкін», – дейді Арман Туғамбаев.
Алкоголді циррозға трансплантация жасалмайды
[caption id="attachment_8219" align="alignleft" width="256"] Мақсат ДОСХАНОВ: Бауыр алмастыру бойынша жыл сайын ұлттық хирургиялық орталықтың күту парағында тұрғандардың 30 пайызы көз жұмады. [/caption]
Бауыр трансплантациясымен айналысатын хирург Мақсат Досханов сөзіне қарағанда, бауыр алмастыру бойынша жыл сайын ұлттық хирургиялық орталықтың күту парағында тұрғандардың шамамен 30 пайызы көз жұмады. Себебі, бауырдың жұмысын белгілі бір мерзімге дейін созатын дәрі дәрмек болмаса медициналық аппараттар жоқтың қасы. Сондықтан бауыр жетіспеушілігімен кезекте тұрған науқастар көп уақыт күте алмайды. Ал бауыр жетіспеушілігін тудыратын кейбір вирустық гепатиттер бастапқы сатыда білінбейді, байқалмайды екен. Сайып келгенде адамның бауыр жетіспеушілігімен ауыратынын алдын-ала анықтау қиын. Тек соңғы сатыда, өңештегі қан-тамырдың жарылып кетуінен ауыздан қан кеткенде ғана тексерістер жүргізіледі. Сызғанов атындағы Ұлттық хирургия орталығындағы күту парағына тіркелгендердің дені дәл осы соңғы сатыда тұрғандар...
«Біз алкоголді циррозға трансплантация жасамайыз. Себебі, ішімдікке тәуелді адамның қайтадан арақтың соңына түспесіне ешкім кепілдік бере алмайды. Жалпы бүгінге дейін (2011 жылдан бері) біздің орталықта 16 бауыр трансплантациясы жасалды. Оның ішінде «миы өлген» деген диагноз қойылған адамдардан алынған бауырды 3 науқасқа салдық. Өзге 13-і туыстық донорлардан алынған бауыр» дейді Мақсат Досханов.
Думан ТАНАБАСОВ
P.S. 2013 жылы 2 мультиағзаны алу отасы жасалса, биыл оның саны 4-ке жетті. Атап айтқанда, Ақтөбе және Қостанайда, екі донор табылды. Биыл барлығы 6 бауыр алмастыру операциясы мен 21 бүйрек ауыстыру операциясы сәтті жасалған. Ұлттық хирургиялық орталық болашақта өкпе ауыстыру операциясын жүргізуді жоспарлап отыр. «Алматыда трансплантация жасайтын 2 орталық бар. Оның бірі Сызғанов атындағы Ұлттық хирургиялық орталық және Қалқамандағы №7 қалалық клиникалық аурухана. Жалпы Астана мен Алматыда бұл мәселе деген көзқарас дұрысталып келеді. Алайда өзге өңірлерде донорлықтың насихатталуы әлі де болса кемшін. Яғни, донор табу қиын», – дейді орталық мамандары.