Былтыр балабақша тәрбиеленушілерінің тегін тамақтануына 15,4 млрд теңге бөлінген

Қаракөз Амантай 06 қаң. 2026 14:46

Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева 2025 жылы мектепке дейінгі ұйымдарда тәрбиеленушілерді тегін тамақтандыруға жергілікті бюджеттерден 15,4 млрд теңге бөлінгенін мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Оның айтуынша, биыл балабақшаларда 953 мың бала тамақтанады, олардың ішінде 67 мың әлеуметтік осал санаттағы отбасы балалары тегін тамақпен қамтылған.

"Тегін тамақтандыруды ұйымдастыру үшін жергілікті бюджеттен 15,4 млрд теңге бөлінді. Балалардың жас ерекшеліктері, тағамның калориялығы мен маусымдылығы ескерілген білім беру ұйымдарына арналған тамақтану стандарты негізінде үлгілік перспективалық мәзір бекітілді", — деді Балаева.

Министрдің айтуынша, стандартқа сәйкес:

  • қант үлесі 3,6 есе,
  • тұз мөлшері 5 есе азайтылған,
  • көкөніс, жеміс-жидек пен сүт өнімдерінің үлесі арттырылған,
  • мәзірден шұжық өнімдері мен ысталған тағамдар алынып тасталған,
  • тәтті сусындардың орнына су беріледі.

Сонымен қатар арнайы диетаны қажет ететін балалардың тамақтануына талаптар енгізілген.

"2025 жылғы 1 қарашадан бастап инфляция деңгейі, орташа бағалар және статистикалық деректер ескеріліп, білім беру ұйымдарындағы тамақтану тарифтері бекітілді. Бюджет кодексі және “Білім туралы” заңға сәйкес, тамақтандыруға жұмсалатын шығындар жергілікті бюджет есебінен қаржыландырылады. Аудандар өз мүмкіндіктеріне қарай бұл шығындарды ұлғайта алады", - деп атап өтті Балаева.

Оның сөзінше, азық-түлік жеткізушілерімен келісімшарттар әдетте бір жыл мерзімге жасалады, алайда келесі жылдарға қаржыландыру көзделсе, ұзақ мерзімге келісімшарт жасауға мүмкіндік бар.

"2025 жылғы 19 желтоқсанда менің төрағалығыммен балалар қауіпсіздігін қамтамасыз ету, соның ішінде санитарлық-эпидемиологиялық талаптарға сай тамақтандыру мәселелері талқыланды. Білім беру ұйымдарындағы тамақ сапасын қамтамасыз ету және балалар денсаулығының қауіпсіздігін бақылау жұмыстары Үкіметтің тұрақты бақылауында", - деп қорытындылады Аида Балаева.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар