Оқытушылар қауымының біліктілігін арттырудың басты мақсаты мектептердегі білім мазмұнының жаңартылған форматтағы бағдарламаларымен және әлемдік талаптарға сай оқыту технологияларымен жұмыс жүргізе алатын, командалық жұмыстарда көшбасшылыққа ұмтылған, өзіндік тұжырымы қалыптасқан кәсіби құзыреттілік пен дағдыға ие, ұлттық құндылықтарды бойына сіңірген кәсіби педагогикалық құрамды жасақтап шығару. Осы қасиеттерді бойына сіңірген мектеп оқытушыларынан тәрбиеленген шәкірт бәсекеге қабілетті.
Білім берудің іргетасы мектеп қабырғасында қаланады. Сондықтан Елбасының мектеп оқытушыларының мәртебесін көтерудегі бастамалары біз үшін қуантарлық жағдай. Бастауыш сынып мұғалімдері 2016 жылдан бастап жаңартылған форматтағы жұмысқа кірісіп, қазіргі уақытта жаңартылған бағдарлама бойынша бастауыш сынып мұғалімдері біліктілікті арттыру курстарынан өтіп, шеберліктерін шыңдауда.
Біз жаһандану әлемінде өмір сүріп жатырмыз. Жыл сайын білімнің жаңа түрі өмірге келіп, ақпараттар жаңа ағынмен толығуда. Қазақстандағы білім беру жүйесі, соның ішінде біліктілікті арттыру жүйесі уақыт көшінен қалмай, заман ағымымен жүруде. Заманауи жаңаруларды оң қабылдап, білім мазмұнының жаңаруын да осы сияқты қабылдай білуіміз қажет.
Білім беру саясатындағы өзекті позицияны құрайтын мұғалімдердің біліктілігін арттыру мәселесі мемлекет тарапынан қолдау тауып отыр. Елбасының қолдауымен мұғалімдер сапалы курстармен қамтамасыз етіліп, мектеп ұстаздары жаңашылдықпен тәжірибе алмасуда.
Жаңа білім мазмұны жолында еңбек ету оңай емес. Бірақ жаңа жүйе біздің еңбек жолындағы жетістігімізге себепші. Мектеп қабырғасында күн сайынғы шығармашылық атмосферасын құру, мақсат қою және сол мақсатқа жетуде жан аямай тер төккен мұғалімдер қауымына құрметпен қарауымыз қажет. Еліміз озық өзгерістерден қалып қоймауы үшін Төртінші өнеркәсіптік революцияның қамтып отырған қадамдары өте маңызды деп санаймын. Біз мемлекет тарапынан берілетін бұл мүмкіндіктерді тиімді пайдаланып, болашақ жастарымыздың тұлға болып қалыптасуына ықпал болу керекпіз.
Саламат Омарова, №141 жалпы білім беретін мектебінің бастауыш сынып мұғалімі
Алматы қаласы