Бейжіңде "Жаһандық өзгерістер дәуіріндегі Еуразиядағы жаңа инвестициялық мүмкіндіктер" тақырыбына орайластырылған XIV халықаралық шетелдік инвестиция жәрмеңкесі жұмысын аяқтады. Іс-шараны Қытайдың шетелдік даму қауымдастығы ұйымдастырды, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Халықаралық іс-шараға қазақстандық делегацияны "Атамекен" ҰКП басқарма төрағасы Райымбек Баталов бастап барды. Делагация ҚХР және бірқатар шет елдің бизнес өкілдерімен инвестициялық форум жұмысына қатысты.
Жәрмеңкеге Қытай шетелдік даму қауымдастығының президенті Хэ Чжэньвэй, Қазақстан Республикасының Қытайдағы төтенше және өкілетті елшісі Шахрат Нұрышев, Қазақстанның сыртқы сауда палатасының төрағасы Мұрат Қарымсақов, қазақстандық компаниялар, іскерлік қауымдастықтар мен инвестициялық қорлардың басшылары қатысты. Іс-шараға 96 елден қытайлық және шетелдік бизнестің 2200-ден астам өкілі, сондай-ақ 23 елдің елшілері мен 196 дипломат қатысты.
Іс-шара мемлекеттер арасындағы инвестициялық ынтымақтастықты тереңдетіп, кеңейтуге жәрдемдеседі, екіжақты инвестициялық келісімдерді іске асыруға, сондай-ақ Халықаралық экономикалық және сауда мүмкіндіктерін іздеуге ықпал етеді.
Қазақстанның сыртқы сауда палатасының төрағасы Мұрат Қарымсақов шет елдерге инвестициялау мүмкіндіктерімен танысуға көмектесетін мұндай ауқымды іс-шара жыл сайын өтіп тұратынын атап өтті. Биыл Қазақстан мен Орталық Азия елдері осы конференцияның құрметті қонақтарының қатарында болды.
"Біз еліміздің инвестициялық жобалары мен мүмкіндіктерін көрсету үшін Қытайдың ірі инвестициялық қорлары мен компанияларының өкілдерімен бірқатар кездесу өткіздік. Осы кездесулерде экономиканың түрлі секторлары мен Қазақстан өңірлеріне инвестициялау бойынша өзекті ақпаратты ұсындық. Форум алаңдарында Қытайдың ең ірі HENAN ZHENGZHOU MINING MACHINERY CO. LTD компаниясына мүмкіндік Оңтүстік Қазақстан облысындағы Түлкібас әк зауытын жаңғыртуға инвестиция салуға мүмкіндік беретін келісімге қол қойылды", - деді Мұрат Қарымсақов.
Қазіргі кезде Қазақстанда CNPC, CITIC, NFC, SINOPEC, HUAWEI және басқа да ірі корпорацияларды қоса алғанда, қытай капиталы бар 2300-ден астам компания табысты жұмыс істеп жатқанын атап өткен жөн.
Қазақстан мен Қытай арасындағы жүк тасымалының көлемі 2023 жылы 22%-ға өсті. Бұл үдеріс екі ел арасындағы экономикалық байланыстардың дамуы мен нығаюын айғақтайды. Іс-шара "Бір белдеу, бір жол" бастамасы аясында ынтымақтастықты кеңейтуде де маңызды рөл атқарды.